​Бәйдібек ауданындағы үңгірден 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды

0
1 040

"Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды.


​Бәйдібек ауданындағы үңгірден 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Бәйдібек ауданы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Тұттыбұлақ үңгіріне пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін ғалымдар 41 000 жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде 48 000 жылдық тарихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық, әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. Ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу бір жыл бойы жүргізілді.
Сондай-ақ, бұған дейін Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адамның жақ сүйегі табылған болатын. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін.
Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталған.
«Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталған. Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым Хасан Алпысбаев бұл үңгірді тапқанымен жалғыз өзі қазуға мүмкін болмады. 2018 жылы «Palaesilkroad» жобасы аясында Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін. Қазіргі таңда жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда. Ал, күлдің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат баласының сол кезеңде осы жерде де тіршілік еткенін айтуға болады. Бір қуанарлығы, әлемдік сенсация деуге де әбден болады, кеше Германия зертханасынан күлдің қалдығы 48 000 жылдық екендігі нақтыланды. Тұттыбұлақ Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қарай зерттеген сайын одан да терең сенсациялық табыстарға қол жеткізуіміз мүмкін",-деді Жәкен Таймағамбетов.
Бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып, ғылыми жаңалықтардың ашылуына атсалысып жүрген Германиядағы Тюбинген университетінің докторы Раду Йовита соңғы кездері Орталық Азияға қызығушылығы арта бастағанын айтады.
"Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихи орындарды қойнауына жасырып жатыр. Бір ғана Қаратау жотасының әрбір тасы тұнған тарих",-дейді германиялық археолог Раду Йовита.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми-зерттеу орталығы бірнеше жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Нәтижесінде көптеген ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік сенсациялық жаңалықтарға жол ашты.
ҚР Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісім-шарт негізінде 2017 жылдан бері «Palaesilkroad» жобасы бойынша Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының қосалқы жетекшісі – музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс , қазақ-жапон халықаралық экспедициялары Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз боп келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгір анықтаған болатын.
Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи-киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынына сенім білдірді.
"Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі сынды тарихи орындар елімізбен қатар алыс-жақын шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын тудыратыны жасырын емес. Тұттыбұлақ үңгірі де болашақта алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының тыныс-тіршілігі мен жүріп өткен жолдарын нақты деректермен танытуға лайық орын ретінде өз келушілерін тартады деп ойлаймын. Бұл жоспар болашақтың еншісінде. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық аяқтап, ғылыми деректерге көптеп қол жеткізген соң музейлендіру жобасы жүзеге асады",-деді Бақыт Қырғызәлиев.
Археологиялық қазба жұмыстары халықаралық жоба болғандықтан мұнда Ұлттық музей қызметкерлерімен қатар Испания, Грекия, Германия, Америка елдерінің зерттеушілері, ғылым докторлары бар. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де белсене атсалысуда. Екі археолог палеолит дәуіріне қатысты докторлық диссертациясын шетелде қорғайды.
ҚР Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырады.