Білім мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы тиіс – Д.Сатыбалды

0
458

Мүдделі басқармалар мен аудан әкімдіктеріне шұғыл түрде көмір жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.


Білім мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы тиіс – Д.Сатыбалды

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс барысы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылыту маусымына дайындықты талапқа сай жүргізуді тапсырды.


«1 қыркүйекке дейін бүкіл білім мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы тиіс. Бюджеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар да толық дайын болып, биыл жылыту маусымын дұрыс үйлестірсін. Өткен жылғы кемшіліктерді қайталауға жол берілмейді. Көмір, мазут және өзге де керекті нәрселер уақтылы тасымалданып, тиісті жұмыстар жүргізілсін», – деген Дархан Сатыбалды жаңадан қызметіне кіріскен Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековке нақты тапсырмалар жүктелді.


Басқарманың мәліметінше облыста жалпы жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 локалды қазандық және 2070 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1282 білім, 676 денсаулық сақтау, 323 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 72 спорт нысаны және 704 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі жасақталуда. Жалпы алдағы жылыту маусымына 129,7 мың тонна көмір, 1676,0 мың литр дизель, 2,2 мың тонна мазут, 16 106 мың м3 газ қажеттілігі бар.


Алдағы жылыту маусымына 10,224 млрд. теңге қаралып отыр. Оның ішінде 9,7 млрд. теңгесі бюджет есебінен бөлінген. Облыс бойынша көмір отынының қажеттілігі 991,6 мың тоннаны құрап отыр. Бүгінгі таңға «ҚТЖ» ақпаратына сәйкес, облысқа тасымалданғаны – 149,0 мың тонна (15%).


Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік операторлар айналысады. Өңірлік операторлар аудан әкімдіктерімен анықталған. Қазіргі уақытта олардың белгіленген талапқа сәйкестігі зерделенуде.


Жылыту маусымын өткізу қағидаларына сәйкес, білім нысандарын 100% дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету қажет. Алайда, көмір жеткізу көрсеткіші аудандардың басым көпшілігінде басталмаған. Дәл осындай жағдай денсаулық, мәдениет және спорт нысандарына да қатысты. Дархан Сатыбалды мүдделі басқармалар мен аудан әкімдіктеріне шұғыл түрде көмір жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді. Жылыжайларға қажетті көмір жеткізу мәселесі де бақылауда екенін атап өтті.


Облыстағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 704 көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы қазіргі уақытта 92,7% құрап отыр. Алдағы уақытта үйлердің дайындығына, оның ішінде ішкі үйлік жылу желілерінің қысыммен сынақтан өткізілгендігі туралы актісінің бар жоқтығына бөлек зерделеу жүргізіледі.


Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы, Облыстық денсаулық сақтау басқармалары басшыларының және Кентау қаласының әкімінің есептері тыңдалды. Оларға жылыту маусымына дайындықты тағы бір пысықтап, жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берілді.