"​Бірге - таза Қазақстан" экологиялық акциясына мақтааралдықтар белсене қатысты

0
1 759

Таңазанымен көшеге шыққан мақтааралдықтар жекеменшік үйлерінің алдын, қора-қопсылары мен көшелердегі арық-атыздарды, суағарларды тазалап, жол бойларындағы шөптерді шапты.


Бүгін республикалық "Бірге - таза Қазақстан" жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке мақтааралдықтар белсене атсалысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданы – елімізді көршілес Өзбекстан Республикасымен байланыстыратын негізгі қақпалардың бірі. Мұнда күніне шекара асып, келіп-кететін көрші ел азаматтарының саны басым. Келген қонаққа қазақтың қонақжайлылығы мен пейілін, мәдениетін көрсету үшін бүгінгі жалпыхалықтық экологиялық акцияның маңызы зор. Таңазанымен көшеге шыққан мақтааралдықтар жекеменшік үйлерінің алдын, қора-қопсылары мен көшелердегі арық-атыздарды, суағарларды тазалап, жол бойларындағы шөптерді шапты. Ретсіз өскен ағаштарды бұтап, қурағандарын қазып алды.
Акцияға қатысушы белсенді тұрғындар мен әкімдік қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орталық базар мен автобекет, сауда орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тазалық шарасына жаппай қатысуға үгіттеді. Тәртіптің тазалықтан басталатынын айтып, тұрғындарды санитарлық тазалықты қатаң сақтауға, көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасынан жіберілген 5 қызметкер қолдарына күрек ұстап, мақтааралдықтармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты.

Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі