«Бөрте Милка» мамандары түркістандық студенттерге ғылыми-практикалық сабақ өтті

0
1 785

Колледж директоры А.Кенжалиев семинарға келген «Бөрте Милка» ЖШС мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.


«Бөрте Милка» мамандары түркістандық студенттерге ғылыми-практикалық сабақ өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің ұйымдастыруымен «Ата кәсіпті дамыту – ауқымды міндет» атты тақырыбында ғылыми-практикалық семинар болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Семинардың мақсаты - ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетілгендей «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі аясында білікті кадрларды дайындау және білім беруді жетілдіруге арналды.

- Колледжде бірнеше мамандықтармен қатар, «Ветеринария» мамандарын дайындаймыз. Бұл мамандық бойынша оқу орнында 191 студент білім алуда. Түркістан облысы, Ордабасы ауданында орналасқан ең соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған «Бөрте Милка» ЖШС кешенді сүт фермасының басшылығымен өндірістік тәжірибеден өтуге екі жақты меморандумға отырғанбыз. Жыл сайын жас мамандар оқу орнында алған теориялық білімдерін «Бөрте Милка» кешенді сүт фермасында өндірістік тәжрибеден өтіп келеді. Облысымыздағы іргелі кәсіпорыннан арнайы ветеринар мамандарын шақырып, студентерімізге түсіндіру мақсатында семинар-кеңес өткізіп отырмыз, - дейді колледж директоры Алтынбек Кенжалиев.

Шарада «Бөрте Милка» ЖШС-ның ветеринар мамандары А.Ордабеков, Б.Оразбай, Б.Ермекбай колледж студенттеріне төрт түлік малдардың жалпы аурулары, оның алдын алу жолдары, қолдан ұрықтандыру бағытында кеңінен семинар сабақтарын жүргізді. Сонымен қатар, семинар-кеңес колледжге қарасты виварийде арнайы мамандардың қатысуымен тәжірибе алмасу шаралары өткізілді. Семинар соңында колледж директоры А.Кенжалиев семинарға келген «Бөрте Милка» ЖШС мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Айта кету керек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі еліміздің білім беру саласында өзіндік сара жолы бар киелі шаңырақ, іргелі оқу ордасы десек артық айтқандық емес. Мағыналы да мазмұнды колледж өмірі өзіндік ерекшелігі таусылмас мол шіжіре. Әрбір күні өзгеріске толы ақпараттық қоғамда колледж ұжымының басты бағдары – жоғары деңгейде қабілетті, сапалы мамандар дайындау.