Б.ТӘЖІБАЕВ: Жаңа тұлғаларға жол ашылды

0
701

Тізімнің үштен бірі – әйелдер.


Б.ТӘЖІБАЕВ: Жаңа тұлғаларға жол ашылды

"Nur Otan" партиясының XX съезіне делегаттар онлайн режимде қатысты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін "Nur Otan" партиясының XX съезіне делегат ретінде онлайн режимде қатыстық. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев маңызды ойлар қозғады. Көшбасшымыз биылғы праймериздің жоғары деңгейде өткенін, мықты лидерлер іріктелгенін атап өтті. Парламент Мәжілісіне жетекші партия атынан кандидат ретінде ұсынылған тізімді бекітіп, азаматтарға сәттілік тіледі. Әрбір үміткерге үлкен жауапкершілік жүктеп, ел сенімін ақтау жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен бірге "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын партияластардың толық қолдауымен бекітті.

Бұл съезге Түркістан облысы атынан 30 делегат қатысты. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев бастаған делегаттар съездегі бастамаларға қолдау білдіріп, жұмысты бірге атқаратындарын айтты.

Праймериз демекші, биылғы партиялық тізім осы саяси дода арқылы бекітілді. Парламент Мәжілісі үміткерлерінің орташа жасы төмендеп, жастарға қолдау білдірілді. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды.

Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партияның алдағы бес жылдыққа арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Мемлекет басшысы әлемдегі дағдарысқа қарамай, елдің дамуына, әсіресе әлеуметтік салаға, жалпы бағдарламаны орындауға 21 триллион теңге қаралатынын айтты. Зейнетақы, жәрдемақы өсетінін мәлімдеді. Дәрігерлердің жалақысы 2,54 есетінін мәлімдеді. Партияның бағдарламасының жобасында нақты қаржымен бекітілген 258 нақты шара бар. Айта кетерлігі, бұл бағдарлама Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының жалғасы болып табылады.

Бағдарламаның бастапқы жобасына Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауының 55 тапсырмасы қосымша енгізілді.

«5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 145 бөлімінің 87-сі бағдарламада көрсетілген.

Бағдарлама жобасына Мемлекет басшысының Жолдауынан бизнесті қорғау, ауыл әкімдерін сайлау, бюджет саясаты, балалар құқығын қорғау, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, денсаулық сақтау бөлімдері кірді. Жалпы, бағдарламада 163 нақты индикатор, оның ішінде 15 заңнамалық бастама бар.

Иә, Қазақстан жаңа саяси белесті бағындырып жатыр. Қоғамға праймериз қажет екені аңғарылды. Жұртшылық, тіпті, партия оппоненттері де ел арасынан лидер іздеген партияның бұл бастамасын жоғары қабылдады. Праймериз демекші, биыл жуырда АҚШ президенті сайлауында ел сеніміне ие болған Джо Байден де алдымен демократиялық партияның праймеризінде жеңіске жеткен болатын. Демократияның Отаны АҚШ-та қолданылған праймеризді елімізге әкелген партиямыз жұртшылықтың оң бағасын алып жатыр.

Алда жауапты әрі маңызды оқиға — сайлау келе жатыр. Сайлау демекші, кезінде АҚШ президенті Линкольн "Сайлау бюллетені оқтан да күшті" деген екен. Сондықтан "Nur Otan" бұл саяси додаға үлкен дайындықпен әрі жетістікпен қадам басып отыр. Өткен бес жылдықта жетекші партияның көмегіне 1.2 млн. адам жүгініп, оның 92 пайызына оң шешім шыққан. Бұл — партияның нақты іске бейім екенінің әрі ел сеніміне ие екенінің дәлелі. Ал партияның Түркістан облыстық филиалына өткен жылдың тамызы мен 2020 жылдың қарашасына дейін 34 мыңнан астам өтініш түскен. Мыңдаған азаматтың мәселесі шешілді. Биыл он айдың ішінде "Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 26.4 мың өтініш түсті. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге артық. Өтініштердің 62 пайызы шешілді. Қалғанына заң аясында кеңес, ақпарат берілген.

Өңірде партия барлық оқиғалардың басы-қасында жүріп, ел сенімін ақтауда. Бүгінгі съезде Елбасы жұмысты одан сайын күшейтуді тапсырып, жаңа міндет жүктеді. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Меже — айқын, ниет — түзу. Праймериз арқылы партиялық тізімге енген жаңа қайраткерлер ел үшін аянбай еңбек етеріне көңіл сенеді. Ең бастысы, ел бірлігі бекем, тірлігі берекелі болғай!

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

Съезд делегаты.