​Елбасының сыныптасы мақтааралдық жастармен кездесті

0
1 466

Кездесуге кенттер мен ауылдық округтердегі жасақталған өзін-өзі басқару орталықтарының жастары, әр сала бойынша жас мамандар, этномәдени орталықтарының үздік жастары мен оқу озаттары қатысты. Мәдени және әдеби бөлімдерден тұратын кездесуден соң жастар Елбасы сыныптасымен естелік суретке түсті.


​Елбасының сыныптасы мақтааралдық жастармен кездесті

Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет жәні тілдерді дамыту бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Мырзакент кентінде ауданның белсенді жастары Елбасының сыныптасы Төлемісова Рауза Мәтеқызымен кездесті деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының елі үшін еткен орасан зор еңбегіне құрмет көрсету мақсатында Мақтааралдық жастардың Елбасымен 10 жыл бойына бір сыныпта оқыған қатарласы Роза Төлемісовамен кездесу кешін өткізуі өңір жастарына патриоттық тәрбие мен қатар тұңғыш Президентіміздің мектеп қабырғасында-ақ ұйымдастырушылық қабілеті күшті, жан-жақты білімді болғанын білуге зор мүмкіндік берді. Елбасы сыныптасы Роза Төлемісованың өз қатарласы жайлы сырлы естеліктер шерткенде жас ұрпақ ұйып тыңдап, ең алдымен тек білім ғана көкжиекке жетелейтінін анық түсініп, көкейлеріне мықтап түйді.

«Бүгінде қазақ елін айдай әлемге танытып, лидерлігін бүкіл дүние мойындаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы қанша айтсақ та жарасады. Ал, ол кісі туралы құнды естеліктерді Елбасы сыныптасының өз аузынан есіту бір бақыт. Қайта оралып келмес сағынышты жылдарды ерекше бір сезіммен баяндаған Роза Мәтеқызының әңгімесінен байқағанымыз Елбасы жастайынан жан-жақты болған. Білімділігі, ұйымдастырушылық қабілеті, өзгелерге көмек қолын созуға әрдайым әзір тұратын қасиетімен дараланған» дейді Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Досым Асабаев.

Жиын соңында Роза Төлемісова жастарға ақыл-өнегесін айтып, ұлт көшбасшысына тән білімге, өнерге деген құштарлықты, ізденімпаздылықты, еңбексүйгіштік қасиеттері бүгінгі жас ұрпақтың бойынан көргісі келетінін айтты. Ал, Мақтааралдық жастар тарапынан Мемлекет басшысына деген шексіз құрметті көрген Елбасы сыныптасы бұл кездесу арқылы балалық бал дәурені өткен Үшқоңыр тауының етегіне қайта сапар шегіп қайтқандай әсер алғанын жеткізді.