"Қайынатам ұсыныс жасады": түркістандық келіншек пандемия кезінде кәсіп ашып алды

0
924

Пандемияда отбасы түгел жұмыссыз қалған.


ERNUR.KZ. Түркістандық тұрғын отбасымен бөдене асырап, еті мен жұмыртқасын сатуды кәсіпке айналдырып отыр.


Бүгінде өз кәсібіңізді ашуға миллиондаған қаражат пен зәулім кәсіпкерлік нысаны керек емес. Алға қойған мақсатқа жетемін деген сенім мен талап, одан кейін бастапқы айналымға қажетті ақша болса жеткілікті. Осылайша өз ойын іске асырып, бүгінде әжептәуір табыс тауып отырған кәсіпкерлердің бірі - 35 жастағы түркістандық Жанат Абайқызы. Оның бөдене асырап, жұмыртқасы мен етін сатумен айналысып келе жатқанына 2 жылдан астам уақыт өтіпті. Нақтырақ айтсақ, пандемия кезінде оның отбасы жұмыссыз қалып, қайынатасы жинаған ақшаға бөдене сатып алған.


Бес баланың анасы атанып отырған біздің кейіпкер өткен жылы бір жарым мыңға жуық бөдене асырап, алғашқыда етін сатып, табыс тапқан.


"Бөдене өсіру оңай емес. Кейде маған жұбайым мен қайынатам көмектеседі. Негізі бөдене асырайық деп ұсыныс жасаған қайынатам еді. Содан екі бөлмелі ескі моншамызға бөдененің жүз балапанын алып келдік. Ал, балапан жұмыртқа бергенше бір жарым айдай уақыт керек екен. Жұмыртқа бергесін, арнайы аппарат сатып алып, сол құрылғымен балапан аштыра бердік. Қыста жұмыртқасына, жазда етіне сұраныс көп болады", - дейді кәсіпкер кейіпкеріміз.

Жанаттың айтуынша, бөдененің жұмыртқасы 20-25 күн бұзылмай сақталады екен. Қазір бөдененің жұмыртқасы мен етін жергілікті тұрғындармен қатар, алыс-жақын аудандардан да кеоіп алатын көрінеді. Бастапқыда бір келі етін етін 2800-3000 теңгеден саудаласа, бүгінде 3500-4000 теңгеден сатып жатыр. Ал, жұмыртқасының бағасы 20 теңгеден 30 теңгеге көтерілген. Кәсіпкер оны жем-шөп бағасының өсуімен байланыстырды. Қазір 300-ге жуық бөденені көбейту жұмыстарымен айналысып жатыр.


"Бөдене өте сезімтал құс. Жылуды жақсы көреді. Жем-шөбі белгіленген уақытта берілмесе, өнім де азаяды. Кәсібіміздің көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өйткері, бөдене бағып жатқан жеріміз тар. Оған көп болса, мың жарымға жуық бөдене сияды. Сол үшін қаражат жинап, ауламыздағы бос жатқан жерге үлкен қора салмақпыз", - дейді кәсіпкер.


Айта кетсек, бүгінде бөдененің жұмыртқасы пайдалы болғандықтан, осы құстың жұмыртқасы сұраныс мол. Өйткені, жұмыртқасы денеге қуат беріп, жүрек қан-тамырларының дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Одан бөлек, буын ауруларына, күнделікті зиянды заттарды ағзадан шығаруға көмектеседі.