Қайырымды азаматтар мектепке тарту жасады

0
1 638

​Тал бесіктен бастау алатын бала тәрбиесін бүгінгі заман талабына сай жан-жақты жетілдіретін білім ордалары – үлкен мақтаныш.


Қайырымды азаматтар мектепке тарту жасады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Елімізде білімді-білікті, саналы тұлғаны қалыптастыру жолында «білім» атты қаруды қалыптастыратын оқу ұялары жетерлік. Солардың бірі – Түркістан облысы, Шардара ауданындағы Саттар Ерубавтың есімін иеленген мектеп. Қарашаңырақ білім ордасы 80 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ұстаздықты ұлы мұрат етіп, білімнің бе­рік баспалдағын қалаған қасиетті қара шаңырақтан талай талантты тұлғалар түлеп ұшқан. Мерекелік шарада білім бәйгесінде топ жарып, биік белестерге ұмтыл­ған білім орда­сының өткені мен бүгінгі сараланды. Кемел келешегіне бағдар жасалды. Жеткен жетістік көп. Ол туралы аудан басшылары құттықтау сөздерінде айтып өтті.

«Мерейтой мерейі елге пайдалы игі істерімен мазмұнды. 80 жылдыққа келген ел ағалары мектеп ауласына шырша ағаштарын отырғызып, кейінгілерге үлгі көрсетті. Осы мектепте білім алған әйгілі спорт саңлағы Мұсырманқұл Дәуренов жастар арасында күрес жарысын ұйымдастырып берді. Ал, 1979 жылы бітірген түлектер өздері оқыған сыныптың парталарын жаңартып беріп, ұстаздардың алғысын алды. Ауылдың дархан пейілді азаматтары мәжіліс залдағы ескірген орындықтардың орнына 105 жаңа орындық орнатып, үлкен азаматтық іс жасады», - дейді мектептің директоры Б.Қарсақбай.

Көксу ауылындағы орта мектеп 1938 жылы бастауыш мектеп болып ашылған. Шағын оқу ұясынан шалқар биік шыңдарға дейін көтерілген білім ұясы 1962 жылы 8 жылдық болып, қанатын кеңге жайды. Ал, 1976 жылы типтік үлгідегі жаңа ғимаратқа ие болды. Мектеп ұстаздарының ерен еңбегінің арқасында мектеп түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде лауазымды қызметтер атқарып жүр. Былтырғы оқу жылында мектеп бітірген 28 оқушының 12-сі білім грантын жеңіп алды. Аудандағы ежелгі білім ордаларының бірінен саналатын Саттар Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары білімді шәкірт тәрбиелеуде алдағы уақытта да аянбай еңбек ете бермек.