Кәсібін 1000 ТЕҢГЕМЕН бастаған түркістандық жігіт қалай МИЛЛИОНЕР болды

0
795

Қомақты қаражат салған жобалары сәтсіздікке ұшыраған.


Кәсібін 1000 ТЕҢГЕМЕН бастаған түркістандық жігіт қалай МИЛЛИОНЕР болды

Өз кәсібін 1000 теңгемен бастаған түркістандық жігіт бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа кенеліп отыр. Сәкен Базарбаев есімді сайрамдық тұрғын мұның алдында да бірнеше кәсіпке мол қаржы салып кіріскенімен, ол жобалары сәтсіздікке ұшыраған.


Алматыдағы экономика университетін, одан кейін Шымкенттегі «Мирас» университетінде жоғарғы білім алған кейіпкеріміз еңбек жолын банк қызметкері болып бастаған. Ал, ең бірінші кәсібін осыдан 4 жыл бұрын бастап, ол жобасы пайда әкелмеген. Одан кейін тауық бағып көргенімен, онысы да мардымсыз тірлікке айналыпты. Содан біраз уақыт өткесін, ата-анасы салып берген үйге жиһаз таңдап жүріп, іздеген затының бағасын білгенде «неге оны өзім жасамаймын?» деген ой келген екен.

«Негізі, жиһаз жасаумен айналысамын деген ой болмапты. Бірақ, үйіме керек бір жиһазды 700 мың теңгеге жасатқан кезде, «неге мұны өзім жасамаймын?» деп ойландым. Сөйттім де, өзім тапсырыс берген ұстамен келісіп, серіктес ретінде осы кәсіпке кірісіп кеттім», - дейді ол.


Дегенмен, кәсіпкер сәкен бұрын-соңды мұндай іспен айналыспағандықтан, бастапқыда ұстаның тауарын жарнамалаумен айналысқан. Көпшілікке танымал «OLX» сайтына 1000 теңгеге жарнама жасап, сатылған жиһаздан түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін алып отырған. Осылайша, тұтынушыларының саны артыпты.


Ал, қазіргі уақытта жас кәсіпкер мегаполистен өзінің жеке цехын ашып, жиһаздың бірнеше түрін жасаумен айналысып жатыр. Ол осы кәсібі арқылы бірнеше ағаш ұсталары мен жиһаз құрастырушы жігіттерді жұмыспен қамтып отыр. Ұзын саны 15 адам жұмыс істейтін кәсіпорын қызметкерлері орташа есеппен айына 400-700 мың теңге аралығында табыс табады екен. Оның айтуынша, тауарлары фирмалық өнімдерден кем түспейді. Бағасы да қолжетімді, жеткізілуі де тегін.


«Кәсіп бастау үшін бір нысанды жалға алып, ол жерге қомақты қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алып, тұтынушыны күтіп отыру дұрыс емес. Кез келген кәсіпті аз ақшамен бастау керек. Өйткені, бизнесте қолда бар қаражатты әп-сәтте жоғалтып алуыңыз мүмкін», - дейді Сәкен Мүсірханұлы.




Бір айта кетерлігі – Сәкеннің өмірден өткен атасы Сүйерхан Базарбаев елордадағы «Бәйтерек» монументінің жобасына қатысқан елімізге белгілі суретші екен. Мұны жәй сәйкестік емес деп санайтын Сәкен замандастарына «кім болса да мол табыс табуға, еліне, жеріне қызмет етуге талпыну қажет» деген кеңес береді. Сондай-ақ, сәуір айында тағы бір жиһаз салонын ашуды жоспарлап отырғанын да жасырмады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ