Келестіктердің Түркістанға баратын жолы екі есе қысқарады

0
764

Дәл қазіргі сәтте Түркістан қаласына дейін 400 шақырымнан астам жолды басып өтеді.


Келестіктердің Түркістанға баратын жолы екі есе қысқарады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Келес ауданы, Бозай ауылының тұрғындары облыс орталығына жақындай түседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Дәл қазіргі сәтте Келес ауданының Бозай ауылдық округінің тұрғындары облыс орталығы Түркістан қаласына дейін 400 шақырымнан астам жолды басып өтеді. Бұл жолды қысқарту үшін Бозай ауылдық округінен Сарыағаш ауданының Әлімтау ауылдық округіне жол салынуы жоспарлануда. Жоспар іске асқан жағдайда Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінің тұрғындары облыс орталығына баратын жолдың қашықтығы екі есеге дейін қысқармақ.


Бұл мәселені бозайлықтар Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевпен кездесуде сұранған болатын. Өз кезегінде сұранысты орындау мақсатында жоғарыда аталған көрші ауданның елді мекенімен байланыстыратын 8 шақырым жолды жөндеу үшін сметалық құжаттар жасалынып, қаржы қарастыру үшін аудандық бюджет комиссиясына ұсынылған. Бұл туралы бүгін Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша қоса атқарып жатқан Алмас Сексенбаев Бозай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.


Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданы әкімінің м.у.а. Алмас Сексенбаев аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бозай ауылдық округіне келіп, тұрғындар алдында есеп берді. Есепті кездесуге аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесу жаңа бағытта өтіп, басым бөлігі сұрақ-жауап форматында болды. Алмас Икрамұлы баяндаманың негізін Бозай ауылдық округінде атқарылатын жұмыстардың жоспарын айтуға арнап, тұрғындар тарапынан бұдан бұрын болған жиындарда көтерілген мәселелердің шешілуі қай деңгейде жүзеге асып жатқанын атап өтті.


Жиын соңында жеке қабылдау өтіп, тұрғындар өз мәселесін жеткізді. Өз кезегінде Алмас Сексенбаев әрбір азаматтың мәселелерін жеке мұқият тыңдап, сұрақтарына заң аясында жауап берді. Бірқатар сұрақтарды алдағы уақытта зерделеп, қосымша хабардар етілетіндігі азаматтарға түсіндірілді. Тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, орындалысы өзінің бақылауында болатынын атап өтті.