Кентау қаласының әкімі ​жаңа ауылдарды аралап, тіршілігімен танысты

0
3 280

Түркістан қаласына қарасты 12 ауылдық округ, Кентау қаласының меншігіне өтті.


Кентау қаласының әкімі ​жаңа ауылдарды аралап, тіршілігімен танысты

Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы, Кентау қаласының шекаралары да өзгерген болатын. Яғни, бұрындары Түркістан қаласына қарасты 12 ауылдық округ, Кентау қаласының меншігіне өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ауылдарды аралап, тіршілігімен танысуда.

«Әл-Береке» АШӨК көкөніс және жеміс-жидек дақылдарын қайта өндеу және сақтау цехының жұмысын, Оранғай ауылындағы М.Әуезов жалпы орта мектебін көрді. Білім беру нысандарының қысқа дайындығын пысықтап, қатты отынмен қамтылуын қатаң бақылауға алу керектігін айтты. Сыныптарды аралап, өтіліп жатқан сабақ барысымен танысты. Спорт зал мен мәжіліс залдарында өтіп жатқан үйірме жұмыстарына кіріп, жүлдегер спортшы жастармен кездесті. Домбыра үйірмесіне қатысушы жастардың өнерін тамашалады.

Ауылдық клубта ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауыл әкімінің есебін тыңдады.

Оранғай ауылдық округінде орналасқан 3 елдімекенде 1365 тұрғын үй бар. Халық саны – 8347 адам.

Ауылдық округ бойынша 172 шаруа қожалық бар. 187 ұсақ шаруа қожалық 24 іріленген шаруа қожалыққа бірігіп жұмыс істеуде.

Ауылда гпс, асфальт, шебен өндіру бойынша «Тас жол» ЖШС, «Майшай су» ЖШС,«Кас-Ай» ЖШС, «Досан ата» ЖШС жұмыс атқарады. Құс фермасы, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін цех, аралас сауда дүкені, қоғамдық тамақтану орны, дәріхана, қымызхана, пленка шығаратын шағын цех, пластикті құбыр шығаратын шағын цех халыққа қызмет көрсетеді.

Ауылды көгалдандыру, көркейту жұмыстары да басты назарда. Ағымдағы жылдың 8 айында 32 рет сенбіліктер ұйымдастырылған. Жасыл аймақ бағдарламасы бойынша үш елді мекенге 2900 көшет егіліпті.

Ауылдық округ аумағында үш жалпы орта мектеп орналасқан. Бір дәрігерлік емхана, 2 фельдшерлік акушерлік пункт жұмыс істейді.

Жыл басынан бері ауылда 9 қылмыс тіркеліп, оның 6 ашылған.

Ауыл әкімі Сыздық Пирметов есебінде өзге де мәселелерді кең көлемде баяндады.

Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, біршама мәселелерді сөз етті.

Атап айтар болсақ, ауылдағы мектепте қоғамдық көлікпен баратын балаларға үлкен автобус берілсе, мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, Түркістан – Кентау жол бойынан өтетін балаларға арналған аспалы көпір немесе жер асты жолы салынса, жайылымдық жерлер көбейтілсе деген ұсыныстарын айтты. Ауыл ақсақалдары ауылда орын алған түйткілді жағдайды плолицияға жеткізбей-ақ, ақсақалдар арасында талқылап шешетіндігін айтты.

Барлық мәселелерді мұқият тыңдаған қала басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев ауыл болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

- Елбасының саясатының арқасында егемендік алған жылдары елімізде көп өзгеріс болды. Жолдар жөнделуде, аурухана, емхана, мектептер салынуда, енді міне, табиғи газ келіп жатыр. Барлық тіршіліктің жақсы жақтары біздің елімізге өңірімізде орын алуда. Бұл игі істердің баршасы алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Барлық мәселелер кезең кезеңімен шешіледі. Сіздер де елдің ынтымақты екендігін көрсеттіңіздер, – деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.

Жиынның қорытындысында ауыл ақсақалдары елдің амандығын тілеп, көпшілікке бата берді.

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қала құрамына кірген өзге де ауылдарда болды. Ондағы әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысқан қала басшысы ауылдық округ әкімдерінің 8 ай бойы атқарған жұмыстарының қорытындысымен танысты. Жергілікті тұрғындардың ұсыныс пікірлер тыңдап, сұрақтарына жауап берді.