Мақтааралда қаңтардың қақ ортасында қырыққабат егуге кірісті

0
419

Мақтаралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп.


Мақтааралда қаңтардың қақ ортасында қырыққабат егуге кірісті

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыс жүруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаңтардың жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін аудан әкімі Бақыт Асанов «Мақтаарал» ауылдық округіндегі «Ферудин» шаруа қожалығына барды. Алиев Мирзадиннің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 10 гектар жер бар болса, соның 5 гектарына қырыққабат дақылы егіліп жатыр екен. 30 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір жылы күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.

«Жылыжайда 120 мың түп қырықабаттың көшетін дайындап, 30 адамнан құралған бригадамен көшет отырғызуды бастадық. Жұмысшыларға күніне 2 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын да ектік. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы - күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», - деді М.Алиев.

Аудан басшысы Бақыт Насырханұлы жұмысшыларға қолғабыс жасау үшін қырыққабат егуге көмектесіп, көшеттер отырғызды. Сондай-ақ, қожалық иелерінің егініне береке тілеп, мол өнім алу үшін тынбай еңбектену керектігін айтты. Ал, М.Алиев жауын-шашынға қарамастан егін алқабына арнайы келген аудан әкіміне алғысын білдіріп, бұл салада өзінің тәжірибесі өте мол екендігін тілге тиек етті. Тіпті, ол өткен желтоқсан айында алғашқы егінін бастап қойғанын атап өтіп, өңір басшысын таңдандырды.

Мақтаралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп.

Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтаралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған мақтаралдық диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.

Айта кетейік, Мақтарал ауданында былтыр 30 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қамбаға жиналған. Ал, оның басым бөлігі қырыққабат болатын.

Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет