​Мақтааралдың 90 жылдық тойына шетелдерден қонақтар келді (фото, видео)

0
3 267

Облыс басшысы мен қонақтар орталық алаңда ұйымдастырылған палау және бауырсақ фестивалдерін аралап көріп, қолөнер бұйымдарымен танысты.


​Мақтааралдың 90 жылдық тойына шетелдерден қонақтар келді (фото, видео)

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының 90 жылдық торқалы тойына облыс әкімімен бірге көршілес Өзбекстан және Тәжікстан республикаларынан арнайы делегациялар қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын бір кездердегі құлазыған шөл дала қазір адам танымастай болып өзгерген. Тың жерлер игеріліп, бүгінде сол шөлді аймақ гүлденген ақ алтынның отанына айналған. Осыдан тура 90 жыл бұрын негізі қаланған Мақтаарал ауданының торқалы тойына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған көршілес елдер мен алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Мақтааралдықтарды айтулы мерекемен құттықтап, істеріне табыс тіледі.

Мырзакент кентінің орталық алаңында ауданды мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Жас спортшылар арасында бокс, күрес, ләңгі тебу сынды спорттық сайыстар өткізілуде.

Мұнан да басқа орталық алаңда бауырсақ, палау фестивалдері ұйымдастырылуда. Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Осылайша ақ алтын баптаумен айналысатын Мақтаарал ауданы тағы бір жылды жемісті аяқтап, жаңаша қарқынмен дамып келеді. Өңір халқы да еліміздің дамуы жолында бар күш-жігерлерін аямай жұмсауда. Ұлттар татулығы, ел бірлігі сақталып, жұмылған жұдырықтай ынтымақта өмір сүрулерінің нәтижесінде 90 жылдық мерекенің алғашқы күні жоғары деңгейде басталды.