Мас күйінде көлік айдаған түркістандық жүргізуші бас бостандығынан айырылды

0
912

Мас халде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші кінәсін толық мойындаған.


Мас күйінде көлік айдаған түркістандық жүргізуші бас бостандығынан айырылды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында мас күйінде көлік айдап, жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізуші 4 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сотталушы көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды. Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны өзінің "Ваз" автокөлігімен Шымкент қаласына қарай шыққан. Алкогольді ішімдік ішіп алған ол жолда темір тұлпарымен өзінің алдында кетіп бара жатқан көлікке кеп соқтығысқан. Екі көлікке де айтарлықтай материалды шығын келген. Қуанышқа қарай, көліктегі адамдар дін аман.

Арнайы тағайындалған сараптама нәтижесі жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізушінің орташа дәрежелі алкогольді мас күйінде болғанын көрсеткен. Мас халде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші кінәсін толық мойындаған.

"Сайрам АПБ-нің қызметкерлері сотқа дейінгі жинақталған тергеу материалдарын тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Нәтижесінде сот шешімімен ҚР ҚК 346-бабында көзделген қылмыс жасағаны үшін сотталушы, 4 жылға бас бостандығынан және өмір бойы автокөлікті басқару құқығынан айырылды", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.