"Нүктесін қоюға келдік" - Ахметжан Есімовтің Арыстағы іссапары

0
1 142

«Самұрық-Қазына» АҚ Арыстағы 66 нысанды қалпына келтірген.


Бүгін Түркістан облысы, Арыс қаласына «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Ахметжан Есімов іссапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Атап айтсақ, «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы А.Есимов алғашқы сапарын Арыс қаласындағы 65 жылдық тарихы бар «Ақнұр» балабақшасынан бастады. Мұнда алғашында теміржол қызметкерлерінің балалары тәрбие алған.

«Бүгінгі таңда балабақшада 5 топта 120 бүлдіршін тәрбиеленеді. Үш тілді білім беріп, оқытамыз. Бізде 31 тәрбиеші қызмет етеді. Ән, би үйірмелері де жұмыс жасайды», - дейді «Ақнұр» балабақшасының меңгерушісі Ақбөпе Қайныбекова.


Содан кейін, Ахметжан Есімов құрылысы толығымен аяқталған Арыс қаласының теміржол вокзалының жұмысымен танысып, іссапардың мақсаты жайлы айтып берді.

««Самұрық-Қазына» АҚ жалпы 66 нысанды жөндеуден өткізді. Оның ішінде 16 мектеп, 8 аурухана, 36 балабақша және де басқа да нысандарды өз уақытында аяқтадық. Мектептер мен ауруханалар 1 қыркүйекке дейін бітірдік. Сабақ өз уақытында басталды. Қалған нысандар бүгін бітті, соған нүкте қоюға келдік», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы А.Есімов өз сөзінде.


Сондай-ақ, іссапар тобы қайта жөнделіп, футбол ойындары өтіп жатқан Арыс қаласының стадионына барып, "Арыс" және "Ордабасы" жастар командасының ойынына қатысқан басшылар допты ойынға қосты. Сонымен қатар, іссапар барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттан кейінгі 2-3 ай көлеміндегі атқарылған жұмыстар жайлы ойын жеткізді.

«Төтенше жағдайдан кейін 2-3 ай ішінде қала толығымен қайта қалпына келтірілді. Онда 7164 үй қайта жөндеуден өтті. 400 астам үй бұзылып қайта қалпына келтіріліп жатыр. Оқиға кезінде біз халқымыздың бірлігін көрдік. Елбасының саясатының арқасында мықты қоғамның қалыптасқандығын, сондай-ақ мемлекеттің күшін көрдік», - деген Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік инфрақұрылымды салу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізгені үшін «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығын алғысын жеткізді.


Айта кету керек, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде алғашқы болып көмек қолын созғандардың бірі «Самұрық-Қазына» АҚ. Бүгінде «Самұрық-Қазына» АҚ Арыстағы 68 нысанды қалпына келтіру үшін 7 млрд.теңге қаржы бөлген.