ОҚО-да аудандардың даму концепциясына өзгерістер енгізіледі

0
1 601

Негізінен Ордабасы ауданның әлеуметтік - экономикалық даму концепсиясында ауылшаруашылық, туризм, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларына басымдық берілген. Өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейін құны 7 млрд. 770 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылып, 370 жаңа жұмыс орны ашылмақ.


ОҚО-да аудандардың даму концепциясына өзгерістер енгізіледі

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Ордабасы, Түлкібас және Отырар аудандарының әкімдерін қабылдап, 2018-2025 жылдарға арналған ауданның даму концепциясымен танысты. Басқосуда аймақ басшысы әр ауданның табиғи мүмкіншіліктеріне қарай түрлі салада атқарылар негізгі жобаларды атап көрсетті. Яғни, дотациялық аудандардың экономикалық әлеуетін көтере отырып, өзін өзі қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Ордабасы ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласында айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, 2016 жылы жалпы өнім 31 млрд. 511 млн. теңгеге жетсе, 2017 жылы 33 млрд. 718 млн. теңгеге өскен. Ал, келесі жылы бұл көрсеткіш 39 млрд. теңгеден асырылады деп жоспарланып отыр.

«Мұндай жетістіктерге аудандағы ауыл шаруашылық саласына тартылған инвестициялардың есебінен жетіп отырмыз. Мысалы, 2017 жылы инвестиция тарту көрсеткіші 143,1 пайызға орындалса, биыл 120 пайыздан асырамыз деген сенім бар. Нәтижесінде ауданда қосымша жүзім, жаңғақ шаруашылықтарын дамыту ісі қолға алынатын болады», – деді аудан әкімі Рашид Қайыпжанов.

Негізінен Ордабасы ауданның әлеуметтік - экономикалық даму концепсиясында ауылшаруашылық, туризм, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларына басымдық берілген. Өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейін құны 7 млрд. 770 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылып, 370 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Атқарылған жұмыстарымен танысып шыққан облыс әкімі ауданда жылыжай көлемін ұлғайтуды яғни әр елдімекендерде кемінде 4 гектар жылыжай бапталуы керектігін ескертті.

Мұнан соң Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков өткен жылы атқарылған шаруаларын баяндап, ауданның даму концепциясын ұсынды. Оның айтуынша, өткен жылы ауданның жалпы өңірлік ішкі өнімі 68,8 млрд. теңгеге жеткен.

«Ауданда негізгі басымдықты ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларына беріп отырмыз. Яғни, ауыл шаруашылық өнім көлемін 2025 жылға дейін 31,4-тен 86,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Суармалы жерлердің көлемін 2940 гектарға ұлғайтып, 18440 гектарға жеткізу жоспарда тұр. Сондай-ақ, қарқынды баудың көлемін арттыра отырып, өнімді 3 есеге өсіру болжануда», – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Сонымен қатар ауданда асыл тұқымды ірі қараны 9,6 мың, жылқыны 2,9 басқа, ұсақ малдарды 2,1 мың басқа жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемін 32,8 млрд. теңгеге жеткізіп, 1 087 тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

Өз кезегінде облыс әкімі Түлкібас ауданы өңірдегі табиғаты ең шұрайлы жер екенін айта келе, мұнда ауыл шаруашылығынан бөлек туризм саласына да ерекше мән беруді тапсырды.

«Түлкібас ауданында алдымен индустриалды аймақты дамытуды қолға алу керек. Сондай-ақ, жылыжай саласын қолға алып, халықты ауыл шаруашылығына тартуды тапсырамын. Табиғаты келіскен ауданда туристік нысандарды дамыта түсу керек. Міне, осы салаларға ерекше көңіл бөлінсе, аудан дотация алудан арылып, өз өзін қамтамасыз етуге әрекет жасағаны болады», – Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, жиында Отырар ауданының әкімі Е.Айтаханов та өткен жылы атқарылған шаруаларын баяндады. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылық өнімінің көлемі өткен жылы 16 млрд. 506 млн. теңгеге жеткен.

«Ауданда суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында дренаж жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, шикізатты өңдеу жұмыстарына көңіл бөліп отырмыз. Мысалы, индустриаландыру картасы аясында жүгеріден биоэтанол өнімін алатын жоба іске асырылғалы отыр», – деді Ерлан Қуанышұлы.

Ауданда индустриалды аймаққа деп 97 гектар жер бөлінген. Бүгінде онда екі жоба іске асырылған. 2021 жылға дейін тағы ағаш және қоқыс өңдейтін 3 жоба қолға алынатын болады.

Облыс әкімі ауданда республикалық маңызға ие тарихи жерлер жетерлік екенін айта келе, осы нысандарды абаттандырып туристік аймаққа айналдыруды тапсырды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын қайта оқытып, кәсіпке тарту жұмыстарын жүйелеуді жүктеді. Одан бөлек, жерді тиімді пайдалану, заңсыз құрылыс нысандарын назардан тыс қалдырмау керектігін де ескертті.

дереккөз: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі