ОҚО-да экологиялық туризм қарқынды дамып келеді

0
1 931

Мәселен, 2014 жылы 18623 адам болса, 2017 жылы 25687 адам демалуға келген. Яғни демалуға келген туристер саны 3 жыл ішінде 40 пайызға артқан.


ОҚО-да экологиялық туризм қарқынды дамып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысында экологиялық туризмнің әлеуеті зор. Өңірдегі тарихи орындар, көрікті жерлер мен қайталанбас табиғи кешендер отандық және халықаралық экотуризмнің драйверіне айнала алады.Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Қамытбек Жорабаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бұл сала тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленіп отыр.

«Айта кетерлігі, экотуризм бағытын дамытып отырған Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі және Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркі сияқты мемлекеттік мекемелердің үлесі мол. Одан бөлек, облыс аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызылған 1 зоологиялық және 1 дендрологиялық парк, 16 мемлекеттік табиғи ескерткіш бар. Сондай-ақ, өңірде ботаникалық әралуандылықты сақтау мақсатындағы 7 табиғи қаумал ұйымдастырылған. Олар: Ақдала, Темір, Боралдай, Задария, Жамбыл қаумалдары», - деді Қамытбек Жорабаев.

Қуанарлығы, облыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілердің легі жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2014 жылы 18623 адам болса, 2017 жылы 25687 адам демалуға келген. Яғни демалуға келген туристер саны 3 жыл ішінде 40 пайызға артқан.

«Оңтүстік халқының, оның ішінде Шымкент қаласы тұрғындарының ең көп демалуға баратын орындары болып Сайрам-Өгем ұлттық паркінің Қасқасу, Сайрамсу, Біркөлік, Өгем, Машат, Көкбұлақ шатқалдары саналады. Бүгінде «Алтын Дән», «Эксперт-Сервис», «Қасқасу-Тур», «East West Company LTD» сияқты демалыс орындары туристерге қызмет көрсетуде жемісті еңбек етіп келеді», - деді Қамытбек Жорабаев.

Облыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсімдіктердің 1800-ден астам түрі бар. Сондай-ақ, Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің 50-ден астам түрі өссе, сүт қоректі жануарлардың 41 түрі, құстардың 300-ге жуық түрі мекен етеді.