ОҚО-да жаңадан 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады

0
1 161

ERNUR.KZ. ​Оңтүстікте көктемгі дала жұмыстарының басталуына орай шаруаларға қажетті жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақытылы жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ, аудан, қала әкімдері шаруалардың мемлекет тарапынан берілетін 26 түрлі субсидияға сұранысын электронды картаға тез арада енгізуі қажет.


ОҚО-да жаңадан 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады

ERNUR.KZ. Оңтүстікте көктемгі дала жұмыстарының басталуына орай шаруаларға қажетті жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақытылы жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ, аудан, қала әкімдері шаруалардың мемлекет тарапынан берілетін 26 түрлі субсидияға сұранысын электронды картаға тез арада енгізуі қажет. Бұл туралы аппараттық селекторлық мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Жиын барасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылы орындалуы мен 2018 жылға арналған жоспары туралы» баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы "Даму» бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары 15 мың гектарға артып, жалпы 833 мың гектарға орналастырылатын болады.

«Оның ішінде интенсивті баулар 800 гектарға, жүзім 736 гектарға, жаңғақ шаруашылығы қосымша 1000 гектар жерге отырғызылатын болады. Жылыжайлар 200 гектарға салынып, жалпы көлемі 1494 гектарға жеткізілмек. Бұдан бөлек, 13,8 мың гектар суармалы жерлер жаңадан айналымға қосылады. Тамшылатып суғару әдісі 7,2 мың гектраға енгізіліп, жалпы көлемі 65,7 мың гектарға артатын болады», - дейді Серік Ордабекұлы.

Сонымен қатар биыл облыста 3173 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары ашылмақ. 731 бірлік жанұялық сүт және 15 шағын құс фермалары саланады деп жоспарлануда. Бұдан өзге 7 бірлік балық шаруашылығы ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 197 пайызға, тамақ өнімдеріне тартылған инвестиция 60 пайызға жеткізілетін болады. Ең бастысы – арнайы бағдарламаға сәйкес, 54 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба қаржыландырылады.

Биылғы жоспарға қаныққан облыс әкімі аудан, қала басшылары ауыл шаруашылығы индикаторларын көтеріп, шаруалардың дер кезінде субсидия алуына ықпал жасауды, қаржының тиімді әрі мақсатты орындалуына қадағалауды күшейтуді тапсырды.

«Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, бүгінде соның 23 мың тоннасы сатып алынған. Қазірдің өзінде 1,5 мың тонна жанар-жағармай шаруаларға үлестіріліп беріліпті. Бұл жұмыстарды әлі де болса жандандырып, шаруалардың субсидия алуына электронды алқапқа сұраныстарды мейлінше тездетіп енгізуді тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын барысында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы А. Темірхан баяндама жасады. Ал, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын енгізу және оның жұмыс істеуі мәселелері бойынша облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е. Жүсіпов, Қазақстан Республикасының халық санағына дайындық мәселелері туралы ОҚО бойынша статистика департаментінің басшысы А. Әбілдабеков баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

дереккөз: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі