ОҚО: Қабанбай батырдың қаруы Түркістандағы музейде сақталған

0
2 346

​Қайсар батыр Қабанбайдың қаруыТүркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінде сақтаулы тұр. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі мәлімдеді.


ОҚО: Қабанбай батырдың қаруы Түркістандағы музейде сақталған

Қайсар батыр Қабанбайдың қаруыТүркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінде сақтаулы тұр. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қаншама шайқастарда қолынан түспеген қару сапы "Əзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі қорының этнографиялық тобынан берік орын алған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қорына оны сексенінші жылдары Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романов әкеліп тапсырған.
Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады. Біріншісі, сапы болса, екіншісі, қыны. Сапының ұзындығы - 34 см. Болаттан соғылған жүзінің ұзындығы 21,4 см-ді құрайды. Жүзінің жоғарғы жағында жетесінен бастап ұшына 3 см-ге жетпей кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай «овал» пішіндес таза күміспен көмкерілген. Онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тасты (бирюза) төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы-11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша пілдің тісінен жасалған.
Жәдігердің екінші бөлігі - оның былғары қыны. Қынның ұзындығы52см-ді құрайды, ол «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған «кіші қын» негізгі қынға нығыздала кигізіліп, өрме шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Ерекше атап өтерлігі, жәдігер мұражай қорының қор сақтау бөлмесінде көздің қарашығындай сақтаулы.
Ақпарат ретінде айта кетейік, Қара керей Қабанбай - Абылай хан тұсында, яғни ХVIII ғасырда жоңғарларға қарсы күресте жанқиярлықпен ел қорғаған, Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан қазақ батыры. Батырдың азан шақырып қойған аты - Ерасыл. Қабанбай - ерлікпен даңқы шыққан кезде халық қалап қойған лақап аты. 1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ерлікпен көзге түскені үшін Абылай хан оған «Дарабоз» деген атақ берген. Осыдан бастап замандастары оны «бас сардар» немесе «Дарабоз» деп атаған.