ОҚО-да мақтаралдық шаруалар қауын-қарбыздың алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті

0
2 754

Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13200 гектарды құрайды.


ОҚО-да мақтаралдық шаруалар қауын-қарбыздың алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысында бақша өнімдерін өндірумен танымал Мақтааралда қауын-қарбыз пісті. Ерте пісетін бақша дақылының түрін еккен шаруалар бүгінде 55 тонна қауын, 45 тонна қарбыз жинап, алғашқы өнімін Ресей мемлекетіне жөнелте бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтарал ауданында бақша өнімдері былтырғыға қарағанда 10-15 күн ерте пісіп отыр. Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13200 гектарды құрайды.

Қарбыздан алғаш боп өнім алған «Әбіш-ата» шаруа қожалығы 20 тонна өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісін 140 теңгеден босатқан. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздың гектарына 30 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.

«Мақтарал ауданының негізгі күнкөрісі егіншілік. Сондықтан мақтаралдық диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баклажан, балгарский егеді. Бүгін міне, қарбыздың алғашқы өнімі Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтілді. Биыл мақтаралдық шаруалардың өнімі өтімді әрі өнімді болады деген сенім мол», - деді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев .

Айта кетейік, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның 631 мың тоннасы мақтаралдық диқандарға тиесілі болатын.