ОҚО-да жазғы сауықтыру лагерлері жұмысын бастады

0
1 803

Лагердің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексерілетін болады.


ОҚО-да жазғы сауықтыру лагерлері жұмысын бастады

ERNUR.KZ. Мақтарал ауданында биылғы жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында екі бірдей демалыс лагері жұмысын бастады, — деп хабарлайды ERNUR.KZ


Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі демалыс аймағында алдағы жаз айларында 59 мың 446 оқушы кезең-кезеңімен демалатын болады.

Осы мақсатқа аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен жергілікті бюджеттен 37 млн 986 мың теңге бөлініп отыр. Бұл туралы 1-маусым Халықаралық балалар құқығын қорғау күніне орай «Толағай» және «Еркежан» жазғы сауықтыру лагерлерінің маусымдық ашылуы салтанатында мәлім болды.

«Толағай» қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерінің директоры Ғ.Боранбаевтың айтуынша, лагер бір мезетте 100 баланы қабылдаса, жаз бойы он маусымда 1000 баланы демалдыруға мүмкіндігі бар. Мұнда балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, тәрбиешілерге үлкен жауапкершік артылып отыр. Осы мақсатта балаларға лагерде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңындарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылып, күн сайын ескертіп отырады.

Лагердің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексерілетін болады. Оқушылар 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, балалардың келгендегі және кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етеді. Баланың жеке басының гигенасын, төсек орынның тазалығын сақтауды қадағалау тәрбиешілерге жүктеледі. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Демалушы балалардың ақыл-ой, сана-сезімін жетілдіру бойынша да түрлі әдеби-сазды кештер, мәдени іс-шаралар, танымдық ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың бойын сергіту үшін таза ауада арнайы серуендер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, лагерде күн сайын би кештері өткізілмек.

Айта кетейік, «Толағай»- дан бөлек, «Еркежан» қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагері де жаз бойы 800-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Аудан бойынша жаз мезгіліндегі барлық сауықтыру және демалыс шараларының түрлерімен 60 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда. Бұл көрсеткіш мектеп оқушыларының 97 пайызын құрайды.