Отырар - тарихи туризмнің орталығы атануға ұмтылыс жасауда

0
1 432

Арыстанбаб пен Отырартөбені жалғап тұрған 17 га жерде сапар орталы салынады. Мұнан бөлек әртүрлі нысандар (этно орталық, жоғары дәрежелі 60 орындық қонақ үй, сквер т.б) құрылысына бюджет қаржысымен қатар жеке инвесторлар да тартылмақ.


Отырар - тарихи туризмнің орталығы атануға ұмтылыс жасауда

Бүгін Арыстанбаб және Отырартөбенің айналасын абаттандыру жұмыстарымен танысу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы іссапармен отырар ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Елбасымыз Н.Назарбаев шикізатқа тәуелділіктен құтылып, бюджет қоржынын өзге салалармен, атап айтқанда туризм кластерін дамыту арқылы толтыруды міндеттеген болатын. Соңғы жылдары осы бағытта көптеген шаруалар қолға алынуда.

Министрдің мұнда келудегі мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Отырар қалажұрты маңынан салынғалы жатқан «Отырар қалажұртының сапар-орталығына» «аманат хат» капсуласын салу рәсіміне қатысу. Салтанатты жиында сөз алған министр: "Біздің мақсатымыз Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындап, тарихымыз бен мәдениетімізді әлемге паш ету. Бүгінгі шарамыз Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи өлкені шетелдіктерге танытудың басы болмақ",-деді.

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов Арыстанбаб пен Отырартөбені жалғап тұрған 17 га жерде салынатын нысандардың жобаларымен таныстырып шықты. Мұнда сапар орталығынан бөлек әртүрлі нысандар бой көтермек. Этно орталық, жоғары дәрежелі 60 орындық қонақ үй, сквер т.б. Бұл нысандардың құрылысына бюджет қаржысымен қатар жеке инвесторлар да тартылмақ. Осы нысандар пайдалануға берілгенде туристердің Отырар тарихымен толық танысуына мүмкіндіктері болады.
Мұнан соң министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырартөбедегі қазба жұмыстарымен танысып, қайта жаңғырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап шықты. Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген министр жергілікті және "Ұлы Дала Еліне саяхат" экспедициясының журналистеріне арнап сұхбат берді.