«РУХАНИ ҚАЗЫНА – 2023»: 3 бірдей түркістандық мекеме үздік атанды

0
952

«Рухани Қазына – 2023» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті.


«РУХАНИ ҚАЗЫНА – 2023»: 3 бірдей түркістандық мекеме үздік атанды

Түркістан облысының 3 бірдей мәдениет мекемесі республикалық фестивальде топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Астанада мәдениет және өнер ұйымдары мекемелері арасында өтетін «Рухани Қазына – 2023» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Салтанатты жабылу салтанатында Түркістан облысының үш бірдей мәдениет мекемесі үздік атанып, топ жарды. Атап айтсақ музей саласы бойынша «Үздік облыстық маңызы бар музей» номинациясын «Ұлы Дала Елі» орталығы, «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясын Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы, «Үздік облыстық мәдени-демалыс ұйымы» номинациясын Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы иемденіп, арнайы дипломмен және қаржылай 1 млн теңгемен марапатталды.


Бұдан бөлек, 27 қараша-1 желтоқсан күндері аралығында өткен республикалық фестивалінде мәдени-демалыс саласы бойынша аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен қызметкерлері, музей және кітапхана саласы бойынша да аудандық, ауылдық ұжымдар мен сала мамандары сайысқа түскен болатын.


Айта кетейік, іс-шараның басты мақсаты – мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау, ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту, насихаттау және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.