Сарыағаштық шаруалар 14 мың гектарға жуық алқапқа көкөніс дақылдарын екті

0
1 258

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 833,1 мың гектар болады деп межеленіп отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламадан 30,6 мың гектарға, ал жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық.


Сарыағаштық шаруалар 14 мың гектарға жуық алқапқа көкөніс дақылдарын екті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданына арнайы іс-сапармен барып, бірқатар шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты. Алдымен өңір басшысы Біртілек ауылдық округіндегі құлпынай өсірумен айналысатын «Нұржан» шаруа қожалында болды.

2011 жылы құрылған қожалық бүгінде 1,6 гектар жылыжайға құлпынай өсіріп келеді. Жобаның құны 75 млн. теңгені құрайды. Аталған шаруашылықта 30 адам жұмыспен қамтылған. Қожалық иесінің сөзінше, 1 маусымда 50 тонна көлемінде құлпынай өндіріледі.

«Біз өз өнімдерімізді былтырдан бері Алматы, Астана қалаларына жөнелтудеміз. Тамшылатып суару әдісінің арқасында шығын азайып, табыс көлемін ұлғайтып отырмыз. Ендігі жоспарымыз өнім көлемін арттыра түсу болып тұр. Оған мүмкіншілігіміз жетеді, тек жұмысты жүйелеп, еңбек етсек болғаны», – деді Нұржан Умаров.

Сонымен қатар облыс әкімі «Фахритдин» шарауа қожалығында болды. 2010 жылы негізі қаланған шаруашылық қызанақ және қияр өсірумен айналысады. Жылына 250 тонна өнім өндіріп отырған қожалықта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кездерінде жұмысшылар саны 2 есеге дейін артады. Дайын өнімдер Алматы, Астана қалаларына және Солтүстік Қазақстан облысына жөнелтіледі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Келес» ЖШС-нің пленка және көшет қондыруға арналған ыдыс шығаратын өндірістік цехында болды. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңгені құраса, оның 23 млн. теңгесі несиеге алынған. Іске қосылғанына бір-ақ ай болған цехта жылыжайға арналған жабдықтар шығарылады.

Іс-сапар барысында облыс әкімі аудандағы көктемгі егіс жұмыстарымен танысып, диқандардың өтініш тілектерін тыңдады.

«Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 833,1 мың гектар болады деп межеленіп отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламадан 30,6 мың гектарға, ал жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық. Бүгінге облыста 12,4 мың гектарға жаздық дақылдар, оның ішінде 6,2 мың гектар көкөніс, 0,4 мың гектар арпа, 3 мың гектар жоңышқа, 2,1 мың гектарға картоп егілді. Егу жұмыстары әлі де жалғасуда. Міне, Сарыағаш ауданының өзінде көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Көрсеткішті одан да жақсартуға жұмыс істеу керек. Мемлекет тарапынан барынша көмек беріледі. Соны пайдаланып аянбай еңбек етіңіздер», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында биыл 13 мың 700 гектар жерге көкөніс егілген. Ал, облыстағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арналған жанар майдың мәселесі оң шешімін тапқан.

дереккөз: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі