Сенбілікке шыққан түркістандықтар шырша отырғызды

0
808

"Жас Отан" жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы бастаған бір топ белсенділер мен қала тұрғындары қатысты.


Сенбілікке шыққан түркістандықтар шырша отырғызды

Түркістан қаласында ұйымдастырылған сенбілікте 150 түп ағаш көшеті отырғызылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Түркістан қаласындағы Қазыбек би көшесінің бойында облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты секторда сенбілік өтті. Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке басқарма басшысы Дамир Жүнісов пен ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, "Жас Отан" жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман бастаған бір топ белсенділер мен қала тұрғындары қатысты. Сенбілік барысында 150 түп шырша ағашы отырғызылып, көше бойы қоқыстан тазартылды.

"Ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып қала аумағына егілген ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына бақылау жасауды қолға алған болатынбыз. Сол жұмыстың бастамасы ретінде басқармаға қарасты секторға ағаш көшеттерін отырғызып, оларды суғару мәселесі бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлес қосамыз", - дейді қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов.

Айта кетерлігі, Қазыбек би көшесіндегі әр тұрғын өз ауласына егілген ағаштарға уақытылы су құйып, күтіп-баптауға өз үлестерін қосатын болды. Бұл жұмыстарға облыстық ақсақалдар алқасы үнемі мониторинг жасап, бақылап отырады.

"Облыс орталығына айналғалы Түркістан адам танымастай ажарланып келеді. Қаламыздағы атқарылып жатқан жұмыстардың ең ауқымдысы ретінде абаттандыру жұмыстарын айтар едім. Саябақтар салынып қаланың климатын жақсарту жұмыстары жақсы жүруде. Әсіресе, қаланы секторларға бөліп, оның әрбіріне мемлекеттік мекемелерді жауапты ету - облыс әкімдігінің ең ұтымды бастамасы деп білемін. Сектор жауаптылары өз аймағына тал егіп, көгалдандырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасауда. Біз де өз тарапымыздан осы жұмыстарға қолдау білдіріп, әр егілген ағашқа қамқорлықпен қарап, оны күтіп-баптауға барымызды саламыз", - деген облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Аман Абдуллаев барша қала тұрғындарын осы бастамаға қолдау білдіруге шақырды.