Шардара ауданында балабақша меңгерушісі он үш адамды жұмыстан қуған

0
3 330

Балабақша меңгерушісі жалақы төлей алмай 3,5 млн. теңге қарыз болып қалғанын айтады.


Шардара ауданында балабақша меңгерушісі он үш адамды жұмыстан қуған

фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Түркістан облысында балабақша басшысы бір мезетте он үш адамды жұмыстан босатып жіберді, деп жазады Еуразия Бірінші арнасы.


Енді еңбектен қол үзіп қалған бұрынғы қызметкерлер көше кезіп, босып жүрміз, дейді. Арасында білікті тәрбиешілер де, аспаз да, мүгедектер де бар екен. Ал, меңгеруші болса, өз әрекетін мекеме алдындағы миллиондаған қарызын жауып, қосымша мамандардың жалақысын көтермекші болғанымен түсіндіреді.


Халима Тұрсынбаева бір аптадан бері жұмыссыз жүр. Өзі 2-топтағы мүгедек екен. Зейнеткерлікке шығуына да небәрі төрт жыл қалыпты. Ауылда балабақша ашылғалы бері тәрбиеші болып істеп келген. Тек, өткен жылдың соңында денсаулығы сыр беріп, бірнеше күн жұмысқа шықпапты. Сол уақытта мекеме меңгеруші оны босатып жіберген.

“Сіз не істесеңіз де оны істеңіз, біз ешнәрседен сізді қорғай алмаймыз, сіз боссыз. Мен жан жақтағы адамдарға айтып қойдым, сіз боссыз кете беріңіз деді. Мен сіз секілді адамдармен жұмыс істей алмаймын деді”, - дейді балабақшаның бұрынғы тәрбиешісі Халима Тұрсынбаева.

Халима апай секілді жұмыстан шығып қалған он үш адам бар. Олардың барлығы Шардара ауылының тұрғындары. Арасында жалғыз басты аналар, аспаз және білікті тәрбиеші де бар. Солардың бірі Айгүл Ортаева. Жеті жыл жұмыс өтілі бар үш баланың анасы осы уақытқа дейін тек жақсы қырынан танылыпты. Басшылық тарапынан бірде бір ескерту алмадым дейді. Енді аяқ асты жұмыстан шығарылғанына аң таң.

- Біліктілігімді арттырып келдім, өрлеуді оқып келдім, өздері ішінара тест өткізген, соны жақсы баллмен өттім. Бірақ, соған қарамай шығарып отыр, - дейді Айгүл Ортаева.

- «Қаңтар айының жалақысын алдыңыз ба?”

- Алғаным жоқ!”

- Неге алмадыңыз?

- Бір ай жабық тұрды ғой, светтің кесірінен. Енді жалақы жоқ!»

Алайда, балабақша басшысының бұрынғы қызметкерлеріне айтар өз уәжі бар. Меңгеруші болып келгеніне он ай толған Нұрила Тағайханова бұл қадамға амалсыз барғанын айтып отыр. Оның сөзінше, алдыңғы басшы 47 штаттық бірлікке 68 адамды жұмысқа қабылдапты. Бір адамның еңбекақысын бірнеше маманға бөліп беріп келген. Ол аздай, жұмысшылардың да ай сайынғы зейнетақы қорына ақша аударылмаған.

Адам саны көп болғандықтан уақытылы жалақы мен коммуналдық шығындарды төлей алмай қор болғанын алға тартады.

“Адам көп. Услуга төлесек, айлыққа жетпейді. Айлыққа жаппай ақша аударсақ, услугамыз төленбейді, свет көбейіп кетеді. Сол себепті біз тағы да жылдың соңында еңбекақы төлей алмай, 3.5 млн. айлыққа қарыз болып қалдым”, - дейді балабақша меңгерушісі Нұрила Тағайханова.

Осы күні, жұмыссыз қалған еңбеккерлерге аудан әкімдігі басқа елді мекеннен қызмет ұсыныпты. Бірақ, ауылда тұрып үйренген әйелдер жылы орындарынан қозғалғысы жоқ. Сондықтан, жергілікті билік заңға сәйкес, жаңа жұмыс орындары ұсынылатын болады деп отыр.

Бауыржан Шомпиев, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

“Ауыл әкімі тарапынан осы мәселеге байланысты, комиссия құрып, осы жерде қысқартуға жататын адамдар бойынша зерделеу жасап, заңға сәйкес, іс шаралар атқаруға тапсырма берілді. Және бұл мәселе алдағы уақытта аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болады”.

Ал оған дейін жұмыстан қысқарып қалған азаматшалар прокуратураға шағым түсірмекші.