"Шардара" мектеп-лицейі маңындағы мазутқа құлап мерт болған оқушы екені анықталды

0
4 483

Шардарада 2019-жылдың 8-қаңтарында орын алған қайғылы жағдайда қайтыс болған жасөспірім, Шардара қаласының 11-сынып оқушысы болып шықты. Бұл ақпаратты аудандық білім бөлімінің басшылығы да растап отыр. Дегенмен, ұстаздарда анасының демалыс күндерінде баласының өмірі мен денсаулығына, тәртібіне қатысты жауапкершілікті өз мойынына алатындығы жайлы тілхаты да бар екен.


Шардара ауданы, Шардара қаласында мектеп маңындағы мазутқа құлап мерт болған «Төменгі тоғай» елді мекенінде орналасқан Қ.Аманжолов жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Марқұм 8 қаңтар күні таңертеңгі сағат 10-дар шамасында «Бағлан» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істейтін екі досымен бірге жұмыстарына көмек беру ойымен үйден шығып кетеді. Сағат 11-де аудан орталығындағы «Шардара» мектеп-лицейінің ауласында орналасқан мазут өнімі тұрған қоймада мектептің жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге келеді. Бұған дейін де бірнеше рет келіп мектептің жылу қазандықтарын тексеріп, мазут құйып жүрген таныс жұмысшыларды көрген мектеп директоры да, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары да еріп келген үшінші адамға мән бермеген, сұраққа да алмапты.

Мектеп басшылығының айтуынша негізгі ақау мазут құйылған ыдыстың төменгі жағында (краннигінде) болған. Мектеп оқушысы мен қасындағы серігінің техника қауіпсіздігін сақтамай не үшін жоғарыға шыққаны белгісіз. Салдарынан аяғы тайып ішінде 2,5 тонны мазуты бар ыдысқа құлаған мектеп оқушысы қаза болып, екіншісі бүгінде аудандық аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша жағдайы тұрақты.

«Біз оқушы баланы жұмысқа жалдаған емеспіз. Оның достарына еріп, бірге барғанынан да хабарсызбыз. Оқиға орынына барғанда ғана үшінші адамның еріп барғанын, оның оқушы екенін бір-ақ білдік», - дейді «Бағлан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Райхан Әуезова.

Аталған мәселе бойынша ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылып, оқиғаның анық-қанығын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Орын алған жағдайды аудан әкімдігі қатаң бақылауға алыпты.