Шымкентте енді Түркиядағыдай ескі қалашық пайда болады

0
1 915

ERNUR.KZ. Шымкент әкімдігі шаһардағы ескі қалашық аумағын сақтап қалуды ғана емес, оны қайта жаңартуды көздеп отыр. Бұл бойынша ескі шаһар аумағы мен Қошқар ата өзені бойын қалпына келтіру, Арбат пен ескі қалашық құрылысы маңызға ие.


Шымкентте енді Түркиядағыдай ескі қалашық пайда болады

ERNUR.KZ. Шымкент әкімдігі шаһардағы ескі қалашық аумағын сақтап қалуды ғана емес, оны қайта жаңартуды көздеп отыр. Бұл бойынша ескі шаһар аумағы мен Қошқар ата өзені бойын қалпына келтіру, Арбат пен ескі қалашық құрылысы маңызға ие. Бүгін қала әкімі Нұрлан Сауранбаев пен әкімдік қызметкерлерінің аталған аумаққа жұмыс сапары кезінде алдағы уақыттағы өзгерістер туралы сөз болды. Ескі қалашыққа қатысты жоспар жөнінде Шымкенттің бас архитекторы Нұрлан Архабаев баяндады.

«Біз Шымкенттің ескі бөлігімен жүріп өттік. Цитадельде (ескі шаһар аумағындағы қоршау), Қошқар ата өзені бойында болдық. Өзен бойымен Жангелдин көшесіне дейін аралап шығып, осылардың бəрін біріктіріп, Шымкенттің тарихи бөлігіне айналдырсақ деген шешімге келдік. Барлық қалаларда туристер бірінші кезекте жаңаны емес, ескі, тарихи аймақты көруге құмартады. Алғашында Цитадельді "Шымкент Плазаға" дейін қосатын тіке көше салу туралы ой келді. Алайда, Ескі қаланы аралап келе жатып, қала әкімі қазіргі бар көшелерді сақтап қалуды ұсынды. Ол көшелер Шымкент Плазаның артындағы аумаққа тікелей шығады. Ондағы 1 га жерге сквер салуға мүмкіндік болып тұр», - деді бас архитектор. Сонымен қатар Архабаев мырза өз сөзінде ескі қалашық аумағы атына зат сай бөлікке айналатынын сөз етті.

«Бұл көшелердің бəрінен қызмет көрсету бұрышын жасай аламыз. Бұл нені білдіреді? Қазір үйдің қожайындары өздерінің жер телімдерінде ешнəрсе сала алмайды. Біз оларға - қолөнер шеберханаларын, шайхана, ескі сəнмен жасалған кіші қонақүйлер салуды ұсынамыз. Туристердің Шымкентке келіп, ескі қаланы аралауына жағдай жасалады. Еуропаның үлкен қалалары туристерді алдымен тарихи бөлігімен қызықтырады. Ал ол бізде бар. Кішкене жетілдіріп, байланыс тартып, барлық ғимараттарды сәулеттік стильге айналдыру қажет. Бұл өте дұрыс шешім деп білемін. Осы тұжырымдамаға сəйкес жұмыс жасайтын боламыз. ТМД мəдени астанасы статусы арқасында жобаны іске асыруға болады»,- деді Нұрлан Архабаев.

Жұмыс сапары кезінде қала басшысы ескі қалашық аумағының қарияларымен кездесіп, алдағы жұмыстары туралы жоспарымен бөлісті. Тұрғындар Қошқар ата өзені бойын серуен алаңына айналдыру туралы ұсынысты қолдады. Тіпті өзен аумағында алдағы уақытта серуен алаңы салынатын болса, ондағы тазалықты өздері қадағалайтындықтарын айтты.