Созақ ауданының оқушылары ақынмен кездесті

0
1 788

Жарқын Амалбекұлы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға білім мен тәрбиені ұштастыра отырып жауап берді.


Созақ ауданының оқушылары ақынмен кездесті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында Түркістан облысы Созақ ауданының орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен оқушылар ақын, ұлағатты ұстаз Жарқын Амалбекұлы Бекпенбетовпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» деп қазақтың кемеңгер ақыны Сәбит Дөнентаев айтқандай, Созақ аудандық балалар кітапханасында теріскейдің халық қалаулыларымен, елі мен жері үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтармен кездесу жиі ұйымдастырылады.

Жуырда туған өлкенің ақын-жазушылар шығармаларын насихаттау, олардың еңбек, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір тағылымды кеш ұйымдастырылды.

«Бала мінезді ақын» деп аталған кездесу кешінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекелік медалінің иегері, «Бірінші дәрежелі білікті басшы» медалінің иегері, аудандық «Теріскей таланттары» өнер фестивалінің жеңімпазы Жарқын Амалбекұлы Бекпенбетов оқушыларға ой салатын мағыналы, өмірлік азық болар әңгімелер айтты.

Ұлағатты ұстазбен кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Жарқын Амалбекұлы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға білім мен тәрбиені ұштастыра отырып жауап берді.

Ақынмен тартымды өткен кештен оқушылар мол тәрбие алып тарқасты.