Түлкібас ауданында карантин режимі жыл басынан бері 258 рет бұзылған

0
2 222

Арнайы құрылған мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде.


Түлкібас ауданында карантин режимі жыл басынан бері 258 рет бұзылған

Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әкімшілік және санитариялық эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, Covid-19 коронавирустық инфекциясының алдын алу шараларын ұйымдастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арнайы құрылған мобильді топтар сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде. Қазіргі таңда құрылған мобильдік топтар жыл басынан бері карантин талаптарын бұздың 258 жағдайын анықтаған.

Оның ішінде құдалық-1, бетперде тақпағандар бойынша 250, бір реттік қолғап кимегендерге қатысты 7 дерек тіркелген. Мысалы, Түлкібас ауданының көшелерінің бірінде орналасқан азық-түлік дүкенінің сатушысы бетперде киместен, тұрғындарға қызмет көрсеткен. Сонымен қатар аудан көшелерінде орналасқан тойханалардың бірі карантин режимін сақтамай 70 шақты адамның басын қосып, құдалық өткізіп жатқаны белгілі болды.

Аталған құқықбұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша аудандық санитариялық эпидемиологиялық бөліміне жолданып, әкімшілік хаттамалар толтырылып, кінәлі азаматтарға қатысты айыппұлдар салынды.


«Түркістан облысының Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз»,- делінген хабарламада.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет