ТҮРКІСТАН: 12 пәтерді тонап кеткен қылмыстық топ қолға түсті

0
1 101

Сарыағаш ауданы тұрғынының үйіне 1,3 миллион теңгеге жуық ақшалары мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен.


ТҮРКІСТАН: 12 пәтерді тонап кеткен қылмыстық топ қолға түсті

Түркістан облысында полицейлер пәтер ұрлығы мен мал ұрлығына машықтанған қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Полиция департаменті КПБ мен Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері бірлесіп жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Сарыағаш ауданының аумағында орын алған жалғасқан пәтер ұрлығы және мал ұрлығы жасаған қылмыстық топтың жолын кесті.

2019 жылдың мамыр айында Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады, оның айтуынша үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып, түн мезгілінде белгісіз біреулер терезе арқылы үйіне кіріп, миллион теңгеге жуық ақшасын алып кеткен. Ал, Сарыағаш ауданының басқа бір тұрғыны осы жылдың маусым айында қаскүнемдер оның үйіне түсіп, жатын бөлмеден 1,3 миллион теңгеге жуық ақшалары мен алтын бұйымдарын ұрлағандығы туралы арызданады. Осы тектес шағыммен полиция бөліміне ауданның бірнеше тұрғыны хабарласты, олардың да ақшалары мен бағалы заттарын ұрлап кеткен.

Аталған жайт Сарыағаш АПБ-не сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Осы қылмыстарды ашу мақсатында Түркістан облысы ПД КПБ және Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерінің қатарынан тәжірибелі қызметкерлерден құралған жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары күдікті тұлғаларды анықтау үшін барлық қажетті шараларды жасады, оның ішінде мүмкіндігі болған куәлардан сұрастырып, жақын аймақтарға тінту жүргізді және жалғасқан үй ұрыларын ұстау бағытында басқа да жедел іс-шаралар жүргізді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер Сарыағаш ауданының үш тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірді. Бүгінгі таңда тергеу нәтижесінде күдіктілердің 12 пәтер ұрлығы мен мал ұрлығына қатыстылығы айқындалды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың шілде айында күдіктілер Сарыағаш ауданы тұрғынының қорасына кіріп, мал қорадан 100 000 теңгеден астам тұратын 2 қойын ұрлап кеткен.

Қазіргі уақытта аталған ұрлық жайтына байланысты ҚР ҚК-нің «Ұрлық» 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығынның көлемі 4,5 миллион теңгені құрады. Күдіктілер тұтқындалды. Полицейлер облыс көлеміндегі басқа да бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына қатыстылығын анықтауда.