ТҮРКІСТАН: 1200 орынды мектептің құрылыс жуырда аяқталады

0
421

Мұндай үлкен спорт зал мен асхана Мақтааралдың мектептерінде бұған дейін болмаған.


ТҮРКІСТАН: 1200 орынды мектептің құрылыс жуырда аяқталады

Мақтааралдағы 1200 орындық алып мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аудан әкімі Бақыт Асанов нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалады. Аталған алып мектептің жобалық сметалық құжаттамасы бойынша елімізде бірде бір мектеп салынбаған. Алып құрылыстың алаңы 2,7 гектарды құрайды. Ішкі спорт залында көрермендердің тамашалауына арналған 200 орындық орын бар. Ал, мектептің асханасы 420 орынға арналған. Мұндай үлкен спорт зал мен асхана Мақтааралдың мектептерінде бұған дейін болмаған. Сыртқы аулада салынып жатқан алып футбол алаңы мен болейбол, баскетбол алаңдары да үлкендігімен ерекшеленеді.


Қазіргі таңда мектептегі физика, химия, информатика кабинеттерін, мультимедиялық және лингафондық кабинеттерді соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша оқушылар түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға барлық мүмкіндіктер жаратылатын болады.


Нысанның ішін аралап көрген аудан басшысы құрылыстың сапасын тексеріп, базалық-техникалық жабдықталуына үлкен мән берді. Мердігер мекеменің басшысына нысанның құрылысын өз мерзімінде сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, нысанның сыртқы жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.


Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бас мердігер "АРТ-Құрылыс" ЖШС тарапынан құрылысы жүріп жатқан алып нысан үшін ҚР Үкіметі резервінен 2,6 миллиард теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында жалпы 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 8мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.