ТҮРКІСТАН: 142 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді

0
427

Биыл 27 жанұя жаңа қонысқа қол жеткізді


ТҮРКІСТАН: 142 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді

Түркістан облысында 2020 жылдан бері 4,5 мың отбасыға 1 433,1 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінің әлеуметтік ахуалын көтеру тұрғысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының рөлі ерекше. Сәйкесінше бақандай бес бағыт бойынша жұмыс жүргізетін басқарма қызметкерлері бүгінде 700 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қорғау қызметтерін көрсетіп келе жатыр екен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Асия Темірбаева мәлімдеді.


Алдымен көші-қон бағытына тоқталған Әсия Құралқызы биылғы жылдың он айында өңірге 735 отбасы немесе мыңнан астам этникалық қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алғанын айтты. Олардың 1036-сы Өзбекстаннан, 11-і Ауғанстаннан, сегізі Тәжікстаннан және 18-і басқа мемлекеттерден көшіп келіп, Сарығаш, Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Түлкібас, Бәйдібек, Мақтаарал, Төлеби, Шардара аудандары мен Түркістан, Кентау және Арыс қалаларына қоныстаныпты. Көрсеткіштерге сүйенсек, этникалық қазақтардың 677-сі еңбекке жарамды болса, 54-і жоғары, 289-ы кәсіптік, 321-і орта білім алған және 11-інің білімі жоқ. Сонымен бірге биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға 170 бірлік квота бекітілсе, 5 шетел азаматына пана іздеуші және 8 шетел азаматына босқын куәлігі берілген.


«2015 жылдан бері жұмыс күші азайған Солтүстік өңірлерге халықты көшіру жұмыстары жүргізілуде. Тиісінше 2015-2022 жылдар аралығында өңірімізден 12 мыңға жуық адам немесе 3 080 отбасы қоныс аударған. Ал биыл Еңбек министрлігі республика бойынша 6 727 квота бөліп, тоғыз айда Түркістан облысынан 340 отбасы немесе 1 426 адам Солтүстікке қоныс аударды. Қазіргі таңда қоныс аударғандардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары болып саналады. Қоныс аударғандардың 576-сы жұмысқа қабілеттілер қатарынан болса, қалғаны камелетке толмаған жастар, студенттер, зейнеткерлер, бала күтіміндегілер және де басқа да санаттағылар. Еңбекке жарамды жастағылардың 80,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасса, 33 адам өз кәсібін бастап, 79 адам үй шаруасымен айналысуда. Олар тұрғын үймен, жер телімімен, бала бақша, мектеп, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаулармен қамтамасыз етіліп жатыр. Сондай-ақ аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында облыста әлеуметтік көмекке жеткілікті қаражат көзделгенін атап өткен жөн. Соңғы 4 жылда кедейлік деңгейін және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. Бүгінгі күні облыста 154,7 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал кедейлік деңгейін төмендету – атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту бағытындағы белсенді жұмыстың арқасында орындалуда. Тиісінше атаулы әлеуметтік көмекті алушыларды жұмыспен қамту үлесі жыл сайын ұлғайып, 2023 жылдың 10 айында еңбекке жарамды 32,4 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, Түркістан облысында 2020 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың кедейлік деңгейінен шығуына ықпал ететін «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда. Нәтижесінде 2020 жылдан бері 4,5 мың отбасыға 1 433,1 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіліп, 142 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде биылғы он айда 837 отбасыға 269,3 млн. теңге көлемінде қолдау жасалып, 27 жанұя жаңа қонысқа қол жеткізді», - деді басқарма басшысы.