ТҮРКІСТАН: 20-дан астам балабақша жалған мәліметпен мемлекеттен қаржы алып келген

0
639

Кәсіпкерлер қыруар қаржыны жымқырған.


ТҮРКІСТАН: 20-дан астам балабақша жалған мәліметпен мемлекеттен қаржы алып келген

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды

Түркістан облысында 23 жекеменшік балабақша жабық тұрса да, «жұмыс істеп жатырмыз» деген желеумен мемлекет қазынасынан қаржы алып келген.


Естеріңізде болса, 2018 жылы білім және ғылым министрі мектепке дейінгі мекемелерді қолдау мақсатында бала басына қаржы бөлуді ұсынып, ол жоба іске асырылған еді. Алайда, жекеменшік балабақша салып, мемлекеттік тапсырыспен қаржы алған кейбір «қомағай» кәсіпкерлер заңды белшесінен басқан. Бұл туралы Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызмет мәлімдеме жасады.


Басқарма ақпаратына сүйенсек, облыстағы мемлекеттік тапсырыс алатын 1393 балабақша балалар санын 154 214 деп көрсеткенімен, нақты қызмет көрсетіп отырған бала саны мен төсек орындары ол мәліметке сай келмеген. Осы орайда жүргізілген зерделеу барысында 150 811 баланың құжаты қаралып, нақты балабақшаға баратын бала саны 73 пайызды ғана құрайтыны анықталған. Нақтырақ айтқанда, балабақшалардың құрылтайшылары тізімде бар, бірақ балабақшада жоқ 3420 бала үшін мемлекеттен қаржы алып отырған.


Өңір балабақшаларындағы мұндай заң бұзушылықтар пандемия басталып, тексерулер азайған кезде бастау алған. Дегенмен, мемлекет балабақшалардың жұмысын тоқтатпас үшін қажетті қаржыны толық беріп отырған. Ал,заң бұзған кей балабақша басшылары балалардың санын артық көрсетіп, жалған мәлімет берген. Соның салдарынан қаржы тапшылығы орын алып, жалақысы кешеуілдеген балабақша басшылары шу шығарған.


Сондай-ақ, қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының облыс бойынша филиал директоры Дильдар Қабибованың айтуынша, өңірімізде осы күнге дейін жан басына шаққандағы қаржыландыру ең төменгі мөлшерде төленіп келген. Мысалы, басқа аймақтарға қарасты ауылдарда әр балаға 45 мың, қалалық жерде 41 мың теңге төленсе, Түркістан облысында әр балаға 25 мың теңгеден төленген.


Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың сөзіне сүйенсек, кейбір балабақшаларда балалардың бір бөлмеде ойнап, тамақ ішіп, тіпті сол бөлмені әжетхана ретінде пайдаланатыны анықталған.


Ал, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев бұлардың бір қарағанда-ақ көзге түскен кемшіліктер екенін айтып отыр. Оның айтуынша, нақты қандай құқық, қандай заң ережелері бұзылғанын құзыретті органдар анықтайтын болады. Ол үшін мониторингтік зерделеу жұмыстары барысында анықталған мәліметтер республикалық экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жолданған.


Одан бөлек, құқық бұзушылық көп орын алған төрт ауданда адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшылары қызметінен босатылды. Басқарманың аталған салаға жауапты меңгерушісі қатаң сөгіс алып, басқа да кінәлілерге тәртіптік шара қарастырылып жатыр.


Айта кетсек, бүгінде балабақшаға көптеген жеңілдік қарастырылған. Мәселен, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мектепке дейінгі мекемелерге қойылатын талаптарды жеңілдетсе, Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бастап шағын кәсіпкерлер 3 жыл бойы салық төлеуден босатылды. Сондай-ақ, білім және ғылым министрлігінің 122-бұйрығына сәйкес, балабақшалар жылына бір-ақ рет тексерілетін болды. Оның өзінде заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы анықтама, мектепке дейінгі ұйымдағы жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжат және бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымымен түзілген шарттың көшірмесі деген 3 қана құжат онлайн режимде тексеріледі.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.