ТҮРКІСТАН: 20 мың теңге үшін көршісін өлтіріп көміп тастаған жігіт 15 жылға сотталды

0
1 340

33 жастағы сотталушының төрт бірдей балалары бар.


ТҮРКІСТАН: 20 мың теңге үшін көршісін өлтіріп көміп тастаған жігіт 15 жылға сотталды

Зейнеткер әйелді өлтіріп, көміп тастаған 33 жастағы сарыағаштық ер адам 15 жылға сотталды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты осындай үкім шығарды. Қылмыстың ашылуына сотталушы өзі себепкер болған. Кісі қанын мойнына жүктеп жайбарақат өмір сүре алмаған жігіт төрт айдан соң тәртіп сақшыларына барып алам өлтіргені туралы өзі мойындаған. Тіпті мәйітін көміп тастаған жерді өзі көрсетіп берген.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дархан ауылының тұрғыны сотталушы Д. марқұм жәбірленуші әйелдің көршісі болған. Зейнеткерден жылдың басында 20 мың теңге қарыз ақша алған ол уәде еткен уақытта қайтармаған. Марқұм зейнеткер әйел үйде жалғыз тұрған. Перзенттері көрші ауылдарда тұратын көрінеді. Зейнеткер көршісінен маусым айында қарызын қайтаруын талап еткен. Сөйтіп қарыз беруші мен қарыз алушы көршілердің арасында кикілжің туып, жігіт зейнеткерді ұрып соға бастаған. Тек егде әйел жансыздана бастағанда ғана жігіт ашуын ауыздықтаған. Қылмысын жасырмақшы болған ол мәйітті өз үйінің ауласына сүйреп апарап көміп тастаған. Жәбірленуші марқұмның үйіне барып қылмыстық әрекетінің ізін білдірмей жойған.

Жалғыз тұратын анасынан хабар ала алмаған балалары ақыры іздеп үйіне келген. Ата-анасының бос қаңырап қалған қарашаңырағында ешкім жоқ, ешқандай затқа ешкім тиіспегені анықталған. Сөйтіп зейнеткер әйелдің балалары Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған. Көршілері де ештеңе білмейтін боп шыққан. Төрт айдан бері тәртіп сақшылары да күдіктіні анықтай алмаған. Кісі өлтіріп ар азабынан құтыла алмаған Д. өз кінәсін толық мойындап Сарыағаш аудандық полиция бөліміне барған. Сотталушы көрсеткен жерден полицейлер марқұм зейнеткер әйелдің мәйітін тапқан. Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты көршісін өлтіріп көміп тастаған жігітті 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

33 жастағы сотталушының төрт бірдей балалары бар.