ТҮРКІСТАН: 200-ден астам мемлекеттік қызметші жұмыстан кетті

0
467

Басым бөлігі қызметтен кетудің нақты себебін көрсетпеген.


ТҮРКІСТАН: 200-ден астам мемлекеттік қызметші жұмыстан кетті

Түркістан облысында 6000-нан астам мемлекеттік қызметші бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 6000-нан астам мемлекеттік қызметші бар болса, былтыр солардың 1800-ге жуығы өз міндеттерін дұрыс орындамай, жауапкершілікке тартылған. Әкімшілік құқықбұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет конкурсын өткізу барысында орын алған екен. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Өркен Балажанов баспасөз жиынында айтып берді.


Бүгінде облыс аумағында 501 мемлекеттік орган жұмыс істеп тұрса, жалпы мемлекеттік қызметшілердің штат саны орталықтандырылған 13 мемлекеттік органдағы 417 штаттық бірлікті қоса алғанда 6411 бірлікті құрайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 5797 болса, 197 орын бос тұр екен. Өткен жылы 211 қызметші бұл саладан түбегейлі кеткен. Олардың 32-сі басшы, 72-сі басшы емес лауазымда қызмет етсе, екеуі саяси қызметші болған. Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, ол азаматтардың 70 пайызы қызметтен кетудің нақты себебін көрсетпегенімен, жалақының аздығы желеу болған көрінеді.


"Есепті кезеңде облыс бойынша бос әкімшілік лауазымдарға орналасуға арналған 1636 конкурс өткізілді. Оның арасында 615 ішкі конкурс жарияланып, 234 бос лауазымға қызметші тағайындалды. Сонымен қатар, 1021 жалпы конкурс жарияланып, 681 орынға қызметші орналасты. Жалпы, бос мемлекеттік әкімшілік лауазым бойынша 1636 конкурсқа 2312 үміткер қатысып, 915 адам жзұмысқа қабылданды. Конкурстық рәсімдердің ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында конкурстық комиссия отырыстарына 1147 байқаушы қатысты. Ал, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін заңнаманы білуге арналған тестілеуден өтуге 2609 адам қатысып, 662-сі оң нәтиже алды. 1947 адам шекті мәннен төмен балл жинады. Жеке қасиеттерді бағалаудан 774 адам өтті", - деді Өркен Байділханұлы.


Жалпы, өткен жылы өңірімізде мемлекеттік қызметке қызығушылар саны шамалы ғана артқан. Тіпті, бір конкурсқа екі кандидат түспей қалатын жағдайлар да жиі кездесіп жатыр екен.