ТҮРКІСТАН: 2024 жылы 700 шақырымнан астам жол жөнделеді

0
221

Нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген.


ТҮРКІСТАН: 2024 жылы 700 шақырымнан астам жол жөнделеді

2024 жылы Түркістан облысында 700 шақырымнан астам жол жөнделеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жолдың құрылысын дұрыс жүргізбеген компаниялар сотқа беріліп, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жол құрылысы саласындағы жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.


«Әрбір аудан, қала әкімі өздері басқаратын аумақтағы жолдардың жай-күйін, сапасын біліп, жол салу қажетті аймақтар бойынша ұсыныстарын тұрақты түрде беріп тұрсын. Жол саласына жауапты басқарманың облысты сапалы жолмен қамту бағытындағы арнайы жоспары, картасы болуы тиіс. Жолдың сапасына тұрақты түрде мониторинг жасалсын. Жұмысты сапасыз атқарған мердігерлер бойынша заң шеңберінде жұмыс жүргізіңіздер», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыста 2023 жылы 48 млрд. теңгеге 676 нысан, яғни, 1586,4 шақырым жол жөнделген. 2024 жылы 747,8 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері жөнделіп, жаңартылады деп жоспарланып отыр. Оған республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы қаржы бөлу жалғаспақ. 2024-2026 жылдар аралығында облыстық, аудандық маңызы бар жолдар және елді мекенін көшелерінде жалпы 1004 нысан немесе 2445,6 шақырым жол мен көшені жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген.


Өңірде жолдардың сапасына тұрақты түрде мониторинг жасалуда. Тиісті мекемелер арқылы жолдардан тиісті сынамалар алынып, көптеген кемшілік анықталған. Басқарма тарапынан техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ке жуық ескерту хаты жолданған. 19 нысан бойынша 24,3 млн. теңге айыппұл салынған.