ТҮРКІСТАН: 3000 үйдің ауласын су басып кетті

0
734

Толассыз жауған жаңбыр елді әбігерге салып жатыр.


ТҮРКІСТАН: 3000 үйдің ауласын су басып кетті

Мақтааралда мотопомпалардың саны 3 есе көбейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданында толассыз жауып жатқан жаңбырдың салдарымен күресу мақсатында Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының есебінен МП-100 қуаттылығы бар 5 мотопомпа сатылып алынды. Қосымша облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 12 мотопомпа қарастырылды.


Атап өтсек, 2 аптадан бері тынымсыз жауған жауын-шашыннан жер асты суы көтеріліп, Мақтаарал ауданында бірнеше елдімекендерде көшелер мен үйлердің аулаларын су басу жағдайлары орын алуда.


Аудан әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штаб құрылып, бастапқыда суды тазарту үшін 70-тен аса мотопомпа іске қосылған. Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және жергілікті әкімдіктердің, жергілікті мемлекеттік органдардың, аудандық мәслихат депутаттардың және кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен жалпы мотопомпалардың саны 214-ке жетті.Аталған мотопомпалардың 37-сі МП-50, 113-і МП-80, 57-сі МП-10, 6-ы МП-150 және 1-і МП-300 қуаттылығына ие.


"Тұрғын үйлердің аулаларын су басу жағдайы өте көп тіркелуде. Штаб барлық тұрғын үйге бірдей көмек көрсетуі физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ең бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты аналары бар отбасыларға көмек көрсетудеміз. Осыған байланысты барлық аудан тұрғындары, кәсіпкерлерді, ерікті азаматтарды орын алған жағдаймен бірігіп күресуге шақырамын" - деді аудан әкімі Бақыт Асанов.


Қазіргі таңда 3 мыңға жуық үйдің аулаларын су басу жағдайы тіркелген. 214 мотопомпалардың барлығы толықтай тұрғындардың үйлерінің аулаларын судан тазарту үшін жұмылдырылған. Жергілікті әкімдіктердің және облыстық, аудандық төтенше жағдай қызметтерінің тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде 15501 куб жаңбырдың суы тартылды.