ТҮРКІСТАН: 53 азамат Конго-Қырым қанды қызбасын жұқтырған

0
370

Эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай отыр.


ТҮРКІСТАН: 53 азамат Конго-Қырым қанды қызбасын жұқтырған

Түркістан облысында Конго-Қырым қанды қызбасына қарсы атқарылған жұмыстар барысы сараланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Конго-Қырым қанды қызбасына қарсы атқарылған жұмыстар бойынша кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиналыста өңірдегі қауіпті дерттің алдын алу бойынша артқарылған жұмыстар баяндалды.


Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай ветеринария саласында атқарылған жұмыстарды баяндады. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Түркістан облысы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эпидемиологиялық жағдайы туралы мәлімдесе, Ұлттық сараптама орталығы ШЖҚ «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» директоры А.Төребаева «Конго-Қырым қанды қызбасына қарсы атқарылған алдын алу іс-шараларына тоқталды.


«Биыл Қырым геморрагиялық қызбасы аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай отыр. Жаз басталысымен өңір бойынша Конго-Қырым қанды қызбасын жұқтырған 53 науқас тіркелген. Облыс аумағы Конго-Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық қолайсыз және эндемиялық табиғи ошағы болғандықтан, жыл сайын медицина қызметкерлері тарапынан дер кезінде толық эпидемиологиялық анамнез жинау, диагностикалау жұмыстарының сапасыз жүргізілуі салдарынан түрлі мәселелер, күрделі жағдайлар тіркелуде», - деді Нұрбек Нышанов.


Б.Тәжібаев аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндірме жұмыстар жүргізуді, күдікті науқастар мен қарым-қатынастағыларды толық медициналық бақылауға алып, ем жүргізуді жалғастыруды тапсырды.