ТҮРКІСТАН: 61 жастағы әйел психотроптық дәрі-дәрмектерді сатқан

0
614

Өз кінәсін мойындап, полицейлерге тағы 35 дана пластина дәріні өз еркімен тапсырды.


ТҮРКІСТАН:  61 жастағы әйел психотроптық дәрі-дәрмектерді сатқан

Түркістандық тұрғын құрамында есірткісі бар дәріні сатып жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданы тұрғындарымен кездесу өткізіп, өтініштерін тыңдаған болатын. Сол кездесуде тұрғындар тарапынан құқық қорғау саласына қатысты да сұрақ түсті. Тұрғындар ауылдастарының бірі өз үйінде құрамында есірткісі бар, сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сатуы мүмкін деген арыз-шағымдарын айтып, осы бойынша полицейлерге тапсырма берілуін сұрады. Өтініш бақылауға алынды.


Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов тұрғындар тарапынан келіп түскен осы ақпаратқа бірден назар аударды. Облыстың бас полицейі оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрды.


Аталған полицейлер шұғыл Келес ауданына іссапармен шығып, қажетті тексеру амалдарын жүргізді. Куәлардан жауап алды. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде тәртіп сақшылары тұрғынның құрамында есірткісі бар дәріні сатып жатқан сәтіне куә болды. Полицейлер күдікке ілінген үйге келген сәтте анықталған мекенжайға кіріп-шыққан тұрғынды байқап, одан бірден жауап алды. Онымен тілдесу барысында оның әлгі үйден 10 пластина дәрісін сатып алғаны белгілі болды. Анықталған іс бойынша үй иесін тексеру кезінде 61 жастағы әйел өз кінәсін мойындап, полицейлерге тағы 35 дана пластина дәріні өз еркімен тапсырды.


Аталған дерек Келес АПБ-ға тіркеуге алынды. Қазіргі таңда полиция тарапынан қажетті іс-шаралар өткізіліп, жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.