ТҮРКІСТАН: 700-ден астам елді мекен ауызсумен қамтылған

0
516

34,8 млрд. теңгеге 110 нысанның құрылысы жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 700-ден астам елді мекен ауызсумен қамтылған

Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы салаға 34,8 млрд. теңгеге 110 нысанның құрылысы жоспарланған, биыл 18-і тапсырылады, қалғаны 2023 жылға өтпелі. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай арнайы брифингте мәлімдеді.


Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 712 елді мекен (85,7%) немесе 1971,7 мың адам (95%) таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл ауыз су бойынша 55 нысанның құрылысына бюджеттен 19,2 млрд. теңге бөлініп, оның 11-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 719 елді мекен (86,5%) немесе 1 979,3 мың тұрғын (95,6%) ауыз сумен қамтылатын болады. 2025 жылға дейін елді мекендерді сумен 100 пайыз қамту жоспарланған.


"2021 жылы электрмен жабдықтау бойынша 19 жоба жүзеге асырылып, 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен қамтылды. Биыл электрмен қамтамасыз ету бойынша 42 нысанның құрылысына 13,6 млрд. теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 12 нысан аяқталып, 8,7 мың тұрғынды сапалы және тұрақты электр қуатымен қамту жоспарлануда. Ал қалған 30 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың 265 елді мекендегі 341,5 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", – деді Арман Жетпісбай.


Қазіргі таңда өңірдегі 457 елді мекен (54,9%) немесе 1 374 мың тұрғын (67,2%) орталықтандырылған табиғи газбен қамтылған. 2022 жылы 75 нысанның құрылысына 24,4 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 10 елді мекенді немесе 32 198 тұрғынды қамтитын 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 67 нысан келесі жылға өтпелі. Биылғы жыл қорытындысымен 467 елді мекенді (56,2%) немесе 1561 мың халықты (75,2%) табиғи газға қосуға мүмкін болады. Жалпы, алдағы 3 жылда қосымша 259 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейін 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 003 мың халыққа (96,5%) жеткізу көзделуде.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары жылу мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Түркістан облысында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 626 көпқабатты тұрғын үй және 2561 бюджеттік мекеме жылумен қамтылуда. Облыста 7 аудан, қалаларда 20 орталықтандырылған жылу қазандықтары және 1 жылу электр орталығы бар Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 265,8 шақырым (магистралды – 84,7 шқ., ішкі орам – 181,1 шқ.). Тозығы жеткені – 88,6 шақырым 33,3%. Облыс көлеміне жалпы көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна болса, тасымалданғаны – 807,2 мың тонна немесе 90%.


Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 17 488 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жергілікті маңызы бар жолдардың 87%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Ал 2025 жылға дейін жоспар сапалы жолдардың көлемін 95%-ға жеткізу межеленген.


Биыл облыста 120 қоғамдық көлік жаңартылды, Түркістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 28 жаңа автобус сатып алынды. Түркістан қаласының әуежайы 1 халықаралық (Ыстамбул) және 7 ішкі рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Орал) қызмет көрсетеді. Желтоқсанның 3-інен бастап «Түркістан-Кувейт» халықаралық рейсі ашылды. Қазіргі таңда басқа бағыттар бойынша тікелей рейстерді ашу жұмыстары жалғасып жатыр.