ТҮРКІСТАН: 80 жігіт әскерге аттанды

0
528

ҚР Конституциялық Заңының 36-бабына сәйкес, әрбір азамат әскерге баруға міндетті.


ТҮРКІСТАН: 80 жігіт әскерге аттанды

Түркістандық 80 жігіт әскери борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысынан ҚР Қарулы күштерінің және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жас сарбаздарды салтанаттты түрде шығарып салу іс-шарасы өтті. Негізгі мақсаты – ҚР Қарулы Күштерінің мәртебесі мен имиджін көтеру және жастар арасында әскери қызметті насихаттау. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаев қатысып, жастарға сәттілік тіледі.


"Бүгін Түркістан өңірінде әскерге барушылардың кезекті тобын шығарып салғалы тұрмыз. Отан қорғау – әрбір ер-азаматтың қасиетті парызы. ҚР Конституциялық Заңының 36-бабына сәйкес, әрбір азамат әскерге баруға міндетті. Ата заңның осы талабын өтеу үшін бүгін 80 сарбаз ҚР Қарулы Күштерінің және де басқа да әскери құралымдарын толықтыру мақсатында әскерге аттанып барады. Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Бүгін әскерге аттанған жігіттер әскери саланың қыр-сырын меңгеріп, айтулы азаматтарға айналады деп сенемін. Бұл сала оңай емес. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің жігіттер міндетті абыроймен атқарады деген ойдамын. Баршаңызға сәтті сапар, денсаулық, амандық тілеймін!", – деді Бейсенбай Тәжібаев.


Іс-шара барысында Түркістан облысы бойынша Қарулы Күштер ардагерлері сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Сарбаздар ел ағаларының үмітін ақтауға сөз берді. Патриоттық әндер шырқалып, ата-аналары өрендерді салтанатты түрде әскерге шығарып салды.