ТҮРКІСТАН: 907 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізілген

2
1 195

14 мектепте жүріп жатқан күрделі жұмыстарына баса назар аударған.


ТҮРКІСТАН: 907 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізілген

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылына дайындық деңгейіне 907 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгінгі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Қасымова баяндады.


Спикердің айтуынша Оқу ағарту министрлігі барлық аймақтарда кешенді мониторинг жұмыстарын бастаған. Министрдің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 8 мектепті анықтап, сонымен қатар мониторинг барысында 14 мектепте жүріп жатқан күрделі жұмыстарына баса назар аударған.


«Бүгінде жөндеуден өтіп жатқан мектептердің 35%-ы 1970 жылдары салынса, 35%-ы 1980-1989 жылдары салынған, ал 30%-ы тіпті 2005 жылдан кейін пайдалануға берілген. Қазіргі таңда облыста мектеп ғимараты толық жөндеуден өтіп жатқан бес мектеп, ал шатыры, ішкі мен сыртқы қабырғалары, терезе, есік, едендері жөнделіп жатқан жеті мектеп, электр жүйесі, демонтаж, ішкі су, кәріз жүйесі, терезе, шатыры жөндеуден өтіп жатқан бір мектеп, күрделі жөндеуге конкурс жарияланып, жөндеу жұмыстары басталмаған бір мектеп бар. Жоспар бойынша 2023-2024 оқу жылына 14 мектептің 9-ы тамыз айының соңына дейін тапсырылса, бес мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кешіктіріледі деп күтілуде, демек бес мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес. Атап айтқанда Төлеби ауданындағы «Қаратөбе» жалпы орта мектебі мен «Қостөбе» ШЖЖОМ. Одан бөлек, Түлкібас ауданындағы А.Оразбаева, Ордабасы ауданындағы Е.Ерназаров, Кентау қаласындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептері. Осы ретте жөндеу жұмыстары кешіктірілген мектептердің оқушылары көрші мектептерге тасымалданады деп жоспарлануда», - дейді Жанар Сатыбалдықызы.


Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек, жаңа 2023-2024 оқу жылына тағы мемлекеттік лицензиясыз білім беру қызметін жүргізіп жатқан үш мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданындағы №78 жалпы орта мектебі, Қазығұрт ауданындағы №1 жалпы орта мектебі, Төлеби ауданындағы Лашкар Тәжібаев атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебі 5-9 сынып оқушыларын қабылдай алмайды. Бұл мектептердің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары мен лицензияға қосымшалары берілмеген.