ТҮРКІСТАН: 94 мыңнан астам ауыл тұрғыны скринингтік тексеруден өткізіледі

0
690

Бұл тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға және қажет болған жағдайда уақытылы емдеуді бастауға мүмкіндік береді.


ТҮРКІСТАН: 94 мыңнан астам ауыл тұрғыны скринингтік тексеруден өткізіледі

Түркістан облысында 94 мыңнан астам ауыл тұрғыны скринингтік тексеруден өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылдың 5 шiлдесіндегi бұйрығына сәйкес, Түркістан облысында 20 қазаннан бастап ауыл халқына скринингтік тексеру жүргізілуде. Аталған тексеруге 18 жастан асқан ауыл тұрғындары қаралуына болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары м.а. Райымбек Тасырбаев мәлім етті.


Райымбек Берікұлының айтуынша, жыл соңына дейін Түркістан облысында 94 мыңнан астам ауыл тұрғынын профилактикалық есептен өткізу жоспарлануда.


«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы және «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындарына арнайы профилактикалық тексеру жұмыстары басталды. Бұған дейін ауыл жастары 30 бен 70 жас аралығындағы адамдарға жүргізілетін скринингтік тексерулерден тыс қалатын. Енді ауылдарда нысаналы топтар айқындалып, нәтижесінде 18-ден 29 жасқа дейінгі азаматтардың денсаулығын тексертуге мүмкіндігі бар. Скрингтік тексеру өңіріміздің ауылдарында желтоқсан айының соңына дейін жалғасады», - деді Р. Тасырбаев.


Брифингте белгілі болғандай, облыс аумағында қазіргі таңда, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтау бойынша 1689 (3,9%) адам, асқазан-ішек жолдары ауруларын ерте анықтау бойынша 3635 (4,2%) адам тексеруден өткен. Сондай-ақ сүт безі обырын ерте анықтау бойынша 452 (10,5%) адам, бүйректің созылмалы ауруларын ерте анықтау бойынша 3626 (3,9%) адам және қуықасты безінің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша 326 (3,7%) адам скрининг жүргізуге жүгінген.


Осы орайда, Қоғамдық денсаулық басқармасы нысаналы топтағы ауыл халқын профилактикалық тексерулерден өтуге шақырады. Бұл тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға және қажет болған жағдайда уақытылы емдеуді бастауға мүмкіндік береді.