ТҮРКІСТАН: Абай күніне орай тұрғын үйдің қасбетіне мурал салынды

0
1 338

Әкім белсенділерді марапаттады.


ТҮРКІСТАН: Абай күніне орай тұрғын үйдің қасбетіне мурал салынды

Түркістан қаласында Абай күні аталып өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың қатысуымен Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай "Абай: Ұлттық болмыстың үлгісі" атты онлайн-конференция өтті. Іс-шара композитор, профессор, журналист Бекжігіт Сердәлінің модераторлығымен жалғасты.

"Абай - біздің мақтан етіп айтатын данышпанымыз. Ұлы ақынның еңбектерін халық жадында сақтатып, қоғамда таралуына мұндай шаралардың маңызы зор. Әсіресе, жастардың қазағымыздың майталмандарын дәріптеуі қуантарлық жайт", - деген Рашид Аюпов бүгінгі күнде өз ықылас-лебізін білдірді.

Карантин режиміне байланысты ZOOM бағдарламасымен өткен жиында ойшыл тұлғаның өлеңдері, қанатты сөздері айтылып, белсенділік танытқан жандар әкімнің алғыс хатымен, Абай бейнеленген жейде, бас киім және өзге де сый-сияпаттармен марапатталды. Қашықтықтан өткен іс-шараға тек қала емес, өзге аудандардың Абай шығармашылығын дәріптеп жүрген өнерпаздары да қатысты.

Сондай-ақ, кемеңгер азаматтың өлеңдеріндегі көркем табиғаттың бейнесін қылқаламмен өрнектеген өнерлі жандар мен олардың ұстаздары да назардан тыс қалмай, марапатталды. Айта кетейік, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, 10 тамыз - Абай күні болып белгіленген болатын. Осы мақсатта, жақында ғана көпқабатты үй қасбетіне ақынның құрметіне орай мурал салынды.