ТҮРКІСТАН: "Адалдық алаңы" жобасы іске асырылып жатыр

0
1 987

Бірнеше бастамалар оң нәтиже көрсетіп келеді.


ТҮРКІСТАН:

Түркістан облысында "Адалдық алаңы" жобасы іске асырылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баршамызға мәлім, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент жанынан Елбасының 2018 жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған жолдауы аясында «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды.

Бүгінде облыс аумағында «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері құрылып, қала/аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары жобалық кеңсенің жетекшісі болып тағайындалды. Сол мезеттен бастап Сарыағаш ауданында да «Сарыағаш-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысына білек сыбана кірісті.


Ауданындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа деген жалпы төзбеушілікті қалыптастыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру - жобалық кеңсенің басты мақсаты. Ал, жобаның негізгі міндеттері - тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу. Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылған.

«Сарыағаш – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі біршама жұмыстардың басы қасында болып, бақылау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келеді. Нақты тоқталсам, 2020 жылдың 17 шілдесінен бастап Сарыағаш ауданы әкімдігі, АМТ мүшелері, «Сарыағаш-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Nur Otan» партиясының Сарыағаш аудандық филиалы, аудандық прокуратура, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және құқық қорғау органдарының жанынан құралған жұмысшы топтармен дәрі-дәрмектердің бағасын нарықтық шектеу бағасынан асыра сату мәніне қатысты дәріханаларда зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мониторинг жасалуда. Бүгінгі кеңсе жанындағы маңызды жобалардың бiрi - дәріханалардағы дәрі бағаларының тұрақтылығын қадағалау.


Мониторинг барысында белгіленбеген орындарда (базарларда, дүкендерде, қоғамдық орындарда) жеке тұлғалардың лицензиясыз қызмет етуі және дәрі-дәрмектерді сату фактілерін анықтау мақсатында сондай-ақ, дәріханалардың медициналық препараттарға деген сұранысына да мониторинг жасалды. Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ағымдағы жылдың 4 тамызына дейін 52 дәріхана мониторингтен өтті.

Күні бүгінге дейін Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымынан, Біріккен Араб Әмірлігінен, Ресей, Өзбекстан, Грузия, Израиль, елдерінен және "Хуавей Технолоджиз Казахстан" компаниясынан аудандық орталық ауруханаға әлемді жайлаған вирусқа қарсы препараттар, медициналық маскалар мен қолғаптар, ӨЖЖ аппараттары, қорғаныс киімдері жеткізілді.


Шет елдерден келген гуманитарлық көмектің бөлшек саудада сату фактілеріне жол бермеу үшін «Сарыағаш – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және ауданның ерікті жастары бірлесе отырып, бақылау жұмыстарында табандылық танытып жүр. Өңірге келген гуманитарлық көмектер “Гуманитарлық көмек, Тегін” мөртабанымен таңбаланып, халық қажеттілігіне табысталуда.

«Сарыағаш-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алдағы уақытта да тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру бағыттары бойынша жетістіктерге жетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ, жобалық кеңсе жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру және ертеңгі болашақ – қазіргі жастардың қолында екендігін ескере отырып, жас ұрпақты да адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.

Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, "Сарыағаш-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі, Сарыағаш аудан әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Қанат Иматов.