ТҮРКІСТАН: Әкім орынбасары 13 жасар қызды зорламақ болған күдіктіні ұстады

0
527

Қашқан күдіктіні қуып жеткен.


ТҮРКІСТАН: Әкім орынбасары 13 жасар қызды зорламақ болған күдіктіні ұстады

Түркістан облысында 13 жастағы қызды зорламақшы болған ер адамды ұстап, құтқарып қалған тұрғынға полицейлер алғыс айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков департаменттің мәжіліс залында Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылында түнгі уақытта жасөспірім қызды зорламақшы болған тұрғынды ұстап, күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлын құрметті қонақ етті. Сондай-ақ, қылмыстың алдын алғаны үшін алғыс айтты.


Орын алған оқиғаны тарқатып айтар болсақ, жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте, жас қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалады. Осы кезде үйіне жалғыз қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың артынан аяқасты белгісіз еркек шығып, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан. Онымен қоймай, бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатады. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал, күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге тырысады. Осы кезде екі адамның арпалысып жатқанын әйелімен бірге кетіп бара жатқан тұрғын байқап қалып, бірден көмекке ұмтылған.


Күдікті оның жүгіріп келе жатқанын көріп, қаша жөнеледі. Жерде жатқан қыздың жағдайын сұрап, күш көрсетіп, ұрып-соққанынан хабардар болған азамат ойланбастан қашқан күдіктінің соңына түседі. Нәтижесінде күдіктіні 100 метрдей жерден ұстап, полицияға тапсырады.


Атап өтсек, жасөспірімді зорламақ болған ер адамнан құтқарып, көмек қолын созған – Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы.


«Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып, жақын маңнан екі адамның алысып жатқанын көрдік. Олардың біріне көмек қажет екенін сезіп, бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім. Алайда күдікті мені көрді де қашып кетті. Бірақ, оның жас қызға зорлық көрсетпек болғанын білгеннен кейін, ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрдей жерге жеткенде ұстадым», - дейді әкім орынбасары.


Сонымен қатар, Сүйіндік Сейітжаппарұлы. өз сөзінде қызмет бабында да үнемі полицейлермен бірігіп жұмыс істейтінін айтты.


«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелет жасына толмағандардың ісі және олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан менің орнымда басқа біреу болса да осылай көмектесер еді. Бұл менің азаматтық борышым деп білемін. Ең бастысы – қыздың жағдайы жақсы», - дейді ол.

Айта кетейік, оқиға орнына барған полицейлер мән-жайды анықтады. Қазір күдікті қамауда. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады