ТҮРКІСТАН: Ардагерлер Түркістанға саяхат жасады

0
695

Боздақтардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.


ТҮРКІСТАН: Ардагерлер Түркістанға саяхат жасады

Жеңіс күніне орай ардагерлер жаңарған Түркістанды тамашалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Жеңіс» саябағында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және республикалық «Барбанк» күрді этномәдени бірлестігі облыстық филиалының ұйытқы болуымен Жеңістің 77 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.


Қайырымдылық мақсатында өткен шараға Төлеби ауданының тыл ардагерлері, күрді этномәдени бірлестігінің өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі мен қаланың белсенді жастары қатысты. Салтанатты жиында «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтады.


«Бүгін ардагерлердің ерен ерлігіне құрмет көрсетіп, еске алдық. Олардың ерлік жолын мақтан етеміз. Сонау сұрапыл соғыс жылдарының тарихын есте сақтау, қазақстандық батырлардың жауынгерлік ерлігін қастерлеу, көздің қарашығындай қорғау – біздің қасиетті парызымыз. Тәуелсіз елдің жастары ата-бабамыздың өшпес ерлігіне бас иеді. Ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды. Соғыста және тылда еңбек еткен ардагерлер ұзақ жасасын, дендері сау болсын! Ал барлық қазақстандықтарға – бейбітшілік пен ынтымақ тілейміз!» – деді Ерназар Баетов.


Мазмұнды шара барысында ардагерлер Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасап, «Керуен сарай» және басқа да Түркістан шаһарынан жаңадан бой көтерген нысандарды аралап көрді. Сапар соңында ел ағалары ризашылығын білдіріп, жастарға ақ батасын берді және елге тыныштық пен татулық тіледі.