ТҮРКІСТАН: Арыста ауылдарды аралайтын жұмысшы топ құрылды

0
687

Мамандар ауыл аралап, елдің тұрмысын көзбен көруі тиіс – түркістандық әкім.


ТҮРКІСТАН: Арыста ауылдарды аралайтын жұмысшы топ құрылды

Арыс қаласында тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді айқындау үшін барлық сала мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова шалғайда орналасқан ауыл мен елді мекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді айқындау үшін барлық сала мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрған. Осыған сәйкес, әр аптаның сәрсенбісінде әкімдіктің сала мамандары елді мекендерді аралап қабылдау жүргізіп, кеңес беріп, өзекті мәселелердің шешімін табуы тиіс.


«Азаматтардың барлық өтініш, тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Мамандар ел ішін жиі аралап, тұрғындардың жағдайын көзбен көруі керек. Әсіресе, ауыл тұрғындары 1 анықтама алу үшін қалаға сандалмауы тиіс. Сондықтан да әр саланың мамандары апта сайын ауылдарды аралап, тұрғындармен тығыз жұмыс жасасын», – дейді Гүлжан Мамытқызы.


Осыған орай, қала әкімінің орынбасары Ерлан Есқараев бастаған жұмысшы топ Байырқұм, Көкжиде, Жосалы, Жиделі, Аққала елді мекендерінде болды. Халықты әлеуметтік қолдау мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлік мақсатта несие алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, ауыл шаруашылық, жер қатынастары сынды сала мамандары елді мекендерді аралап, тұрғындармен ашық сұхбаттасты. Жиын барысында көтерілген мәселелердің кейбірі бақылауға алынса, тең жартысы сол мезетте шешімін тапқан.


Кездесуде қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерғали Қуандық ауыл шаруашылығы жерлері мен жайылымдық жерлерді рәсімдеу жайлы, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков ағын су мәселесі туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, тұрғындарға Арыс қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Атаулы әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Ғалымбек Айтөреев атаулы әлеуметтік көмек туралы жан-жақты баяндады. Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Ерлан Есқараев әрбір сала бойынша тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар жинақталып, қала әкіміне ұсынылатынын жеткізді. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.