ТҮРКІСТАН: Арыста еңбек озаттары марапатталды

0
632

Шаруалар мен диқандарға арналған «Алтын Күз-2021» салтанатты жиыны өтті


ТҮРКІСТАН: Арыста еңбек озаттары марапатталды

Арыс қаласының әкімі еңбек озаттарын марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыстағы Мәдениет үйінде қаланың шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын Күз-2021» салтанатты жиыны өтті. Бұл шара ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады. Жиында қала әкімі Гүлжан Мамытқызы қаламыздың ауылшаруашылық саласында жеткен жетістіктеріне тоқтала келіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді. Қала әкімі мал, егін шаруашылығында биіктен көрінген жекелеген диқандарды арнайы медальдармен, Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар жасады.


Сондай-ақ, мал басын көбейту мен асылдандыру бағытында жұмыс істеген шаруалар да марапаттан тыс қалған жоқ. Әр ауыл округ әкімдері де еңбектеріне лайық марапатқа ие болды. Атап өтсек, жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін жоғары деңгейде орындағаны үшін Қожатоғай ауылдық округіне бірінші орын, Дермене ауылдық округіне екінші орын, Жиделі ауылдық округіне үшінші орын берілді.


«Халқымызда «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» деген нақыл сөз бар. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы үкіметтің қабылдаған бағдарламаларын жүзеге асыру аясында алдағы уақытта барлығыңызды әсіресе жастарды еңбектенуге шақырамын», - деді салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Г.Құрманбекова.


Айта кетейік, қаладағы ауылшаруашылық құрылымдары биыл 24 мың 148 гектар жерге дәнді-дақыл егіп, 13 миллиард 899 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бүгінде ауыл шаруашылығына қажетті 45 дана жаңа техника алынса, 2022 жылдың есебіне 5 мың гектар жер айдалып, оның 1 500 гектарына күздік егіс егілді.


Сондай-ақ, қалада өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал басы едәуір өсіп отыр. Атап айтқанда, ірі қара 37 мың 279-ға, түйе 3 202-ге, жылқы 16 мың 530-ға, қой мен ешкі 457 мың 278-ге және құс саны 72 мыңға артқан.